Павлодар қаласында бұрын бірге тұрған әйелін қасақана өлтірмек болған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 6 қаңтарда қала тұрғыны Mercedes-Benz маркалы көлігін жоғары жылдамдықпен бұрынғы бірге тұрған әйелге әдейі айдап барып, оны гриль павильонының қабырғасына қысып, жаншып жіберген. Павильон ішінен жүгіріп шыққан сатушы әрекетке кедергі жасап, әйелдің көз жұмбауына себеп болған. Алайда әйел ауыр жарақат алған. Көрсетілген медициналық көмектен кейін сол аяғын кесіп тастауға тура келген, - делінген сот хабарламасында.
Сотта сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, сот-медициналық сараптама қорытындылары, бейнебақылау жазбалары және өзге де дәлелдемелермен толық расталды.
Сот үкімі бойынша сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушінің пайдасына 1 212 160 теңге көлемінде материалдық шығын және 15 000 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.
Сот өтемақы мөлшерін анықтау кезінде жәбірленушінің созылмалы физикалық ауырсыну, ұзаққа созылатын емдеу, оңалту және протездеу қажеттілігіне назар аударған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін осы қайғылы оқиға, яғни бұрынғы күйеуі әйелді қасақана көлікпен қағып, аяғынан айырғаны туралы ақпаратпен бөліскен едік. Ақпарат ішінде болған оқиғаның бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеосы да жарияланған.