Павлодарда 600 орындық жатақхана қолданысқа беріледі

14 Қыркүйек 2022, 17:12
808
Бөлісу:
Павлодарда 600 орындық жатақхана қолданысқа беріледі

Ертіс өңіріндегі Торайғыров университетінің жанынан 600 орындық тағы бір жатақхана қолданысқа беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғары оқу орнының ректоры Еркін Садықовтың айтуынша, университет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру, жастарды қолдау бағытындағы бастамаларын қолдап, қолдау шараларын жүзеге асыруда.

Жолдауда жастарға гранттар мен оқуға арналған жеңілдетілген несие берудің жаңа форматы туралы айтылды. Отандық оқу орындарының білім беру сапасы қаншалықты жақсы болса, оқу ақысы да соншалықты жоғары болары сөзсіз. Бұл тұрғыда жылдық мөлшерлемесі 2-3% болатын несиелер жастарға қажет-ақ. Біз студенттерді жатақханамен қамту жағына да басымдық береміз, - дейді университет ректоры Еркін Садықов. 

Биыл Торайғыров университеті екі мың мектеп түлегін оқуға қабылдады. Олардың 800-ден астамы жатақханадан орын алуға өтініш білдірген. Жоғары оқу орнының басшылығы жастардың барлық өтінішін қанағаттандырды. 

Бүгінде екі тұрғын үй кампусы бар. Алдағы уақытта 600 орындық тағы бір жатақхана саламыз. Сондықтан, жатақхана бойынша мәселе туындамайды, - дейді ректор. 

Айта кетейік, өткен жылдың күзінде оқу орны жанынан 600 орындық студенттер үйі ашылды. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысы пандемияға орай сәл кешеуілдеген. Сондықтан, ғимаратты пайдалануға беру екі кезең бойынша жүргізілді. Бір қызығы, нысанның құрылысы мен өзге дайындық жұмыстарына студенттер де атсалысты.

Өзгелердің жаңалығы