Павлодарда 2023 жылға дейін апатты сегіз үй сүріледі

17 Ақпан 2021, 09:58
2334
Бөлісу:
Павлодарда 2023 жылға дейін апатты сегіз үй сүріледі
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында апатты деп танылған үйлерді сүру жұмыстары жалғасын табады. Биылғы жылы бұрынғы Алюминстрой шағын ауданындағы сегіз екіқабатты нысан бұзылады. Ал тұрғындар пәтерлермен қамтылады.

Айта кетейік, соңғы 15 жыл ішінде облыс орталығындағы 150 ескі үй сүріліп, орнында жаңа шағын аудан бой көтерді. Бүгінгі таңда бұзылмаған тағы сегіз нысан қалды. Павлодар қала әкімдігінің өкілі Жансерік Қапзолланың айтуынша, тұрғындарды ескі үйлерден көшіру қаланы дамыту жоспарына сәйкес жүргізіледі. 

Қазіргі уақытта «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында көпқабатты үйлер салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң апатты үйлер кезең-кезеңімен бұзылатын болады. Бүгінгі таңда облыс орталығында апатты деп танылған үйлер баршылық, - дейді Жансерік Қапзолла. 

Павлодарда 2023 жылға дейін апатты сегіз үй сүріледі

Тозығы жеткен үйлердің көбі өткен ғасырдың 50-ші жылдары уақытша баспана ретінде салынған. Баспана иелері қабырғалары опырылып, төбесі құлауға шақ қалған үйлерде тұруға мәжбүр. Олардың саны 40-тан асады. 

Мәселен, Железнодорожная 3 мекенжайындағы екі қабатты үй 1954 жылы салынған. Екі екіқабатты үйде небары сегіз пәтер бар. Мамандардың айтуынша, баспана бастапқыда 25 жылға арналып салынған. Дегенмен, уақытша баспананың қолданыста болғанынан 60 жылдан асқан. 

Қабырғаларымыз сөгіліп жатыр. Әбден жұқарғандықтан, пәтерлеріміз жылу ұстамайды. Батарея ыстық, бірақ, әп-сәтте суып кетеді. Көктем келсе, үйімізге су кіреді. Бұл пәтерден басқа тұрар жерім жоқ, - дейді апатты үй тұрғыны Фердаус Леннова. 
Павлодарда 2023 жылға дейін апатты сегіз үй сүріледі

Бес жыл бұрын тұрғындар ақша жинап, үйлеріне техникалық сараптамаға тапсырыс берген. Нәтижесінде баспана апатты деп танылды. 

Бүгінде облыс орталығында ескірген 44 үй бар. 400-ге жуық пәтер иесі тұрғын үйді ауыстыру кезегінде тұр.


Өзгелердің жаңалығы