Бүгін, 5 шілде күні Павлодар облысында Павлодар-Шарбақты тас жолының бойында орналасқан Көктөбе ауылының маңында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі көліктің соқтығысуынан кейін өрт шығып, салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апатынан барлығы тоғыз адам зардап шеккен.
Оның алтауы ауруханаға жатқызылып, екі адамның жағдайы ауыр болғандықтан реанимацияға орналастырылды. Бір адам жақ-бет хирургиясы бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қалған үш адамға амбулаториялық ем тағайындалды. Зардап шеккендердің арасында 17 жастағы жасөспірім де бар, - делінген хабарламада.
Қазір апат орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр. Облыстық Полиция департаменті оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатынын хабарлады.
Ведомство жүргізушілерді жолда абай болуға, жылдамдық режимін сақтауға және көлік құралдарының техникалық жағдайына мұқият болуға шақырады.