Павлодар облысында тренд тақия тігу бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр

14 Наурыз 2023, 17:08
1664
Бөлісу:
Павлодар облысында тренд тақия тігу бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр
Фото: автордан

Ертіс өңірінің шеберлері оқушыларға арналған шеберлік сабақтары бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Алғашқы шеберлік сабағы облыстық оқушылар сарайында өтті. «Тренд тақия тігеміз» шеберлік сабағына шеберлер шақырылды. Осы жолы жоғары сынып оқушыларына тақия тігудің қыр-сырын қолөнер шебері Ғалия Сұңғатова үйретті.

Өзім өмір бойы теміржол саласында еңбек еттім. Құрақ көрпе, киім-кешек, түрлі бас киімдерді өмір бойы тігіп келемін. Зейнеткерлікке шыққан соң бар білгенімді оқушыларға үйретуді көздедім. Өзім «Кәусар бұлақ» әжелер мектебі мен «Алтын оймақ» үйермесінің жетекшісімін. Қыздарымыз соңғы уақытта сәнді тақияларға қызығушылық танытып отыр. Шеберлік сабағында бас киімді тігудің қыр-сырын көрсеттім. Еш қиындығы жоқ. жалпы, Ертіс өңірінің тұрғындары минимализм стиліндегі тақияларды ұнатады. Оюлары көп емес, бірақ, моншақ, немесе зергерлік бұйымдармен безендірілген. Безендіру құралдары аз болуы адамның ұстамдығын, тиянақтылығын көрсетеді, - дейді Ғалия Сұңғатова.

Шеберлік сабағының Көрісу күні мен әз-Наурыз қарсаңында ұймыдастырылуы жайдан жай емес. Қыз балалар өздері тіккен тақияларын кейін мейрамға кие алады. 

Оқушылар алдымен бастың өлшемін жасап, тақияның үлгісін қиып алады. Кейін матамен пішіп, безендіреді. Небары 45-60 минуттың ішінде бас киімдер дайын болды. 

Қазіргі таңда трендте жүрген қазақы тақияның шыққанына қуанамын. Себебі, басқа кигенде қыздарға жарасымды әрі ыңғайлы. Кез келген киіммен үйлестіріп киіп аламын. Сонымен қатар, бұл тақияны әртүрлі етіп сәндеп, моншақтар тігіп алуға болады, яғни әркім өз қалауы бойынша тігіп алады. Мен ұлттық киімдеріміз брендтен кем түспейді деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі  кезде  жастар ұлттық  киімдеріміздің  бағалы, сапалы, жарасымды  екенін біледі. Оқушылар сарайында өткізіліп отырған «Тренд тақия тігеміз» атты шеберлік сабақ ұйымдастырған ұстаздарға алғыс айтамыз. Бүгінгі өз қолыммен жасаған тақиям көңілімнен шықты. Енді мен осындай тақия тігуді үйрендім. Құрбыларыма да тігіп беріп тарту жасаймын, - деді облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы Салтанат Абдрахманова. 

Айта кетсек, Ұлыстың Ұлы  мерекесінде оқушылар сарайының алаңында «Taqıa Fashion week» атты қыздардың үлкен дефилесі өтеді. Бұл жерге қала мектептерінен  тақияларды тіккен  қыздар шақырылады. Осы тектес сабақтар мектептерде де ұйымдастыру жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы