Патриоттық сезім, ұлттық сана сүтпен бітеді, сүйекке сіңеді

27 Қазан 2022, 13:21
1984
Бөлісу:
Патриоттық сезім, ұлттық сана сүтпен бітеді, сүйекке сіңеді
PHOTO
Фото: автордан

 Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер – Мемлекеттік рәміздерімізге биыл 30 жыл болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Егемендіктің қасиетті белгілерін жастар бойына қалай сіңіре аламыз? Оның тарихи құндылығы қайдан бастау алады? Бұл туралы белгілі  этнограф жазушысы, тарих зерттеушісі, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлымен сұхбаттасқан едік.

– Өзіңіз арғы бетте туып-өскен қазақсыз, ең алғаш рет туды немесе елтаңбаны көргендегі әсеріңізді баяндап беріңізші?

– Арғы бет Алтайда туып өстік. Басқа қазаққа ұқсай бермейтін бір тарихымды айтсам – біздің ауыл 1919-1928 жылдар аралығында үшке бөлініп арғы бетке асқан екен. Зайсанда туған ақсақалдардың хикаясына қанығып, Қазақстанға елеңдеп өстік. Сөйтіп жүргенде тәуелсіздік хабары жетті. Көз жасын көлдеткен қарияларым сақалынан су сорғалап: «сол елге барып жер төледе өмір сүрсең де бақыттысың» деп сыбырлады. Қуанды, толқыды, жылады. «Азаттық» радиосына ентелеп, атамекен хабарына құлақ түрдік. Теледидар хабарынан көк туды көргенде көзіміз тұманданып толқыдық. Елтаңба суретін көргенде Аллаға тәубе еттік, өзегімізден жылы ағын жүгіріп, жанарымыз тағы суланды. Бұл менің ғана емес, шеттегі шерменде қазақтың көңіл толқыны еді. 

1997 жылы 16 қаңтар бейсенбі Қорғас кедені арқылы қазақ топырағына қадам бастық. Күн ашық. Алатаудың қарлы шоқылары көрінді. Көз алдымызда атамекен! «Шын ба өтірік пе!?», жасты жанарымды уқалап қайта қараймын. Көз алдымда Алатау аспанында өзімнің бақытымның самалы тербеген қазақтың көк байрағы тұр! Көзім жасты болғанмен көкірегімде өлең толқыды.

Туы толқып Алатау бөктерінің, 

Жалауланса жалындай көк бөрінің.

Көз сүзіп сол байраққа қарай берем, 

Көсегесі көгеріп көктемімнің.

Құйылғандай құдірет күн ішінен,

Қандай көркем, аспанның нілі сіңген!

Көлдердің көлеңкесіз келбетіндей,

Желбірейді жел сүйсе, тынысы кең.

Тұнықтықтың дегендей айғағы едім,

Айбары елдің,

Арындай байрағы елдің.

Жалғастырып жатқандай махаббатын,

Аспанға ғашық болған айна көлдің.

Арайланып атқанда ырыс-таңым,

Толқынымен ойнатар күміс сағым.

Сол байрақ көрсетіп тұр көк жүзінде,

Табиғат пен қазақтың туысқанын.

Тамашалап көк тудың көркін ғажап,

Көңілімде дәл сондай желпінді ұзақ.

«Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп тұрғандай,

Қырандай қанат керген Еркін Қазақ!

Аллаға тәубе, Қазақ ел болды! Елге ел, жағаға жең қосылды. Біздер, осылайша, Атажұртқа елім деген, жерім деген сағынышты көңіл күймен оралдық. 

 – Сырткөз сыншы дейді ғой, жалпы ту мен елтаңбаның қоғамда қадірін арттыру үшін не жетіспейді?

– Бізді 70 жылдық құлдық сана қамыты әбден тұралатқан. Өзгеге, кешегі империя иелеріне жалтақтауды жанына сіңіргендер көп. Жанына түгілі қанына құлдық сана сіңген. Еркін елдің бақытынан көрі көршінің қаңсығына жалтақтайтындар аз емес. Соның салдарынан ел болудың кешегі әліппесін, бүгінгі бақытын бағалай алмай жатамыз. Өзінің асылын бағаламай, өзгенің жасығын бағалау сынды сатқындық сарқыты қаннан арылмай отандық рух еңсесін тіктей алмайды. Сол үшін де жетідегі баладан жетпістегі қарияға дейін отанды сүюдің, елдік нышандарды ардақтаудың алтын өзегі үзілмеуі қажет. Ту туралы, елтаңба туралы және оған деген шынайы сүйіспеншілік туралы сана сарайымыз ашық болса, бағаласақ, ұрпаққа қасиетін танытсақ, сонда ғана өзімізді танимыз. Өзімізді толық танысақ, өзге алдында еңсемізді тік ұстап, өзгеге өзімізді танытамыз.

– Өзіңіз ұстаз болдыңыз, оқушылар арасында рәміздерді насихаттауда жаттанды, жалаң сөздермен емес, ұлттық құндылығын, тарихи тереңдігін ұштастыра отырып қалай түсіндірген дұрыс?

– Оқулықтарға қосымша бағдарламар, отандық идея жөнінде тәрбие сағаттары көптеп қарастырылуы қажет. Әліппе бетін ашқан баланың екінші танитыны ту-байрақ, елтаңба болуы керек. Оның әуелгі негізі бала бақшада қаланып, бастауышта тереңдетілуі керек. Атап, айтқанда бастауыш сыныптарда тудағы нышандар, елтаңба бейнелері егжей-тегжей тарихымен қоса таныстырылуы қажет. Ол үшін ұстазадардың өзін де осы мектептен қайталай өткізу артық болмас еді. Атап айтқанда ту мен елтаңба туралы, туған тіл туралы толық білімі жоқ адамды ұстаздыққа алмауымыз керек. Сонда ғана отандық ұғымға деген қажеттілік, құлшыныс артады.

Оқушы туралы айтқанда, ту мен елтаңбаның өзін ғана баяндай салу жетіспейді, оның әр бөлшегінің тарихи негізі, қалыптасу барысы, түптөркіні, жасалуындағы мән-мағына тарихпен тамырласа баяндалуы керек. Сонда ғана тәжірибелік білім, тарихи негізбен бекітіледі. Оқушы санасынан өшпестей орын алады.

– Тарих демекші, сіздің тастағы таңбалар туралы кітап жазып жатқаныңызды естідік. Ол қандай еңбек, қашан жарыққа шығады?

– Бұл кітапты жазуыма бірнеше түрлі жағдайдың тікелей әсері болғанын да айта кетейін.

Бірінші себеп – түркінің кіндікті өлкесі Алтайда туып-өсуім болды. Алтай тұнып тұрған шежіре. Біздің он екі жыл бойы (1984-1996) қыстап, жайлап отырған бөктерлі тау – Шірікши ауылына қарасты Ұтыбұлақ, Долаты аталатын сайдың іші толған жартас суреттері еді. Көзіміздің үйренгені сонша оған еш мән бермейтінбіз. Және Ушілік аталатын жайлау мен оған көршілес аймақтардан «Мықтың үйі» аталған ескі қорымдарды, мүсінтастарды көп көретінбіз. Сөйтіп туған өлкенің шежірелі аймағы өзінің бағзы мұраларына бауыр бастырып өсірді. Өгей емес екенімізді еске салып отырды.

Екіншіден, 1989 жылы 22 жасымда білімімді толықтыру мақсатында Үрімжі қаласына барып, Шынжаң оқу-ағарту институтына тарих мамандығы бойынша оқуға түстім. Үрімжі қаласында Мырзатай Жолдасбеков пен Бейсенбай Кенжебаевтың «Асыл арналар» кітабы қолға түсті. Түркі дәуірінен басталатын ежелгі әдебиет іздері, Орхон, Енисей жазулары, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк хақында сауатымды аштым. Қытай әдебиеті мен тарихын оқып өскен бізге мынау түркі жауһарлары баға жетпес асылдай көрінді. Ежелгі рухты іздеп елеңдейтін, көрмеген бабалар бейнесін көксейтін сезімдер жетілді.

1997 жылы қазақ еліне оралдым. Ежелгі тастар, тас мүсіндер, қорымдар, жартас суреттері хақында жоғарыдағылардан қалса, Әлкей Марғулан, Зенйолла Самашев, Қаржаубай Сартқожаұлы, Дархан Қыдырәлі, Ерлан Қарин, Нәпіл Базылхан, т.б. еңбектерімен танысып, бағзы бабалар мұрасына деген махаббатым тіпті де артты. 

Үшіншіден, арманыма қанат бітіп, аңыз болған түркі тастарын көзбен көру бақыты бұйырды. 2012, 2019, 2022 жылдары үш мәрте Моңғолия жерінде болдым. Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Шыңғыс хан, Тұғырыл хан жұрттарына бардым. Тастар тағылымын өз көзіммен оқыдым, суретке түсірдім. 

Осындай көп дүниені қоржыныма толтырып жүргенде, Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы қоңырау шалды: «Жәке, біздің геральдикалық зерттеулер орталығымыздың зерттеу бағыттарына тән болған бағзы бабалар мұрасы көзіңізге іліксе, бізге де бір пайдаңыз тиер деп ойлаймыз. Жаңадан зерттелу үстіндегі қазақ геральдикасы үшін тасқа басылған өрнек, таңба, қазақ тұрмыс-салтында кездесетін ою-өрнектің мән-мағынасы мен қажеттілігі өте жоғары. Сол үшін де сапарларыңызда бізді де кәперіңізге алып, еңбектер жасай жүрсеңіз екен» дейді. 

Жинаған дүнием мен аталған сұранысты ескеріп, қағазға қайта үңілдім. Қазақ геральдикасы туралы еңбек жоқ. Кітап түгілі интернетте де ештеңе жоқ. Ал қазақ геральдикасының тарихи негіздері хақында білеріміз тіпті де шамалы. Сөйтіп, жинаған дүниемді осы бостықты толтыруға арнап, «Көне дүние күмбірі» («Қазақ геральдикасының тарихи негіздері») кітабын қолға алдым. Қазған сайын шыға беретін қордалы кен сияқты телегей теңізге жолықтым. Бір бүйірін шұқылап, қалаған тақырыбыма бейімдедім.

– Аталған кітабыңыздың осы тақырып аясындағы өзге еңбектерден айырмашылығы туралы не айтасыз?

 – Таспен тамырласып, тарихпен біте қайнасқан дала шежіресінің аңызы мен ақиқаты таусылмайды. Өз басым ешқандай археолог та, түркітанушы да емеспін. Қазақтың қарапайым қаламгерімін.

Қазақ тарихының тасқа басылған таңбалары хақында жазылған еңбектер аз да емес, көп те емес.

Аз емес дейтініміз – ежелгі сақ, ғұн, түркі, қыпшақ кезеңдері хақында қаншама шетелдік ғалымдар, отандық зерттеушілер жазды. Өркениет тарихының өткенін түгендеген, деректер қорын ақтарған, барымен базар болып қолға іліккенді көп кәдесіне ұсынған еңбектер молынан табылады.

Көп емес дейтініміз – түркі дүниесінің арғы-бергі тарихын тек қана түркілік жүрекпен, далалық бекзадалықпен, ғылымның талабымен зерттеп-зерделеп, төл болмысымыздың айнасын көрсеткендер саусақпен санарлық қана. Кемінде олардың пайдаланған әдебиеті өзге империялардың идеясына бағындырылған ескі сананың сарқыты болып, ойлау-талдау көкжиегінің тарлығымен кемшін тартады. Тағы бір алаңдатарлығы алдыңғы буын бір топ ғалымдарды айтпағанда бүгінгі күннің жас ғалымдарынан осы салаға із салғандардың, талмай талпынғандардың тым аздығы.

Біздің бұл кітабымыз – ұлттың жоғын жоқтап, мұрасын түгендеуге, рухын көтеруге аз да болса үлес қосса екен, ұл-қыздарымызға жол нұсқаса екен деген ізгі ойларды арқалап отыр. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті туралы айтқанда – оның шұғылалы тарихын өткенсіз елестете алмаймыз. Сол өткеннің ішіндегі қанды парақтар, арпалысты ғасырлар, азаттығы алтын тұғырға орнаған қасиетті күндер бәрі де ертеңгі ұрпаққа сыр шертеді. Шерлі шежіренің астарында алтынға айырбастағысыз асылдар, қазынасы ортаймас қамбалар бар. 

Бүгінгі мемлекеттік нышанымыздың жарқын үлгісінің бірі – ҚР рәміздері болып табылады. Аталған кітап елдік нышандарды жіліктей отырып, оның әр бір тармақ, тамырына үңіледі. Әр бірінің тарихи негіздеріне тоқталады. Жай ғана тоқталып қоймайды. Туы жығылмас, тұғыры құламас текті түркі ұлттарының орныннан көктеген алтын байтеректің саялы бүрін қалай жайып тұрғанын бағамдайды. Елдік нышандардың әр бірінің келіп шығуына, қалыптасуына түп төркін болған – бағзы құндылықтар, өлмес мұралар мен айнымас аманаттар, баба еншісі, т.б. бәрін ой көзімен, сурет кескінімен жеткізуді мақсат етеді. Сол мақсат жолында азды-көпті еңбектендік. 

Қазақ геральдикасы – тамыры терең болғанымен, ғылым ретінде ресми зерттелуі жағынан әлі де қалыптасып үлгермеген ғылым. Олай болса қазақ геральдикасының негіздерін – рәміздік нышандардан қарастыра отырып баяндау – тұтас еңбегімізге желі болды. Сол желіні қуалап, арқауы мықты арғы-бергі нышандар туралы шамамыздың жетісінше ой қозғадық, қалам қарымынша зерделедік. 

– Еңбектің мақсаты мен бағыт-бағдары хақында да толықтырып айта кетсеңіз? 

– Геральдика – таңбалау, бедерлеу, өрнектеу, ойма, сызба арқылы көрініс табатын адам ақыл ойының көркем жауһарларының көп үшін қызмет етуге ұсынған бейнелі үлгісі болып, кешегі әр тайпа, әр халықтың, бүгінгі мемлекеттің өзіне ғана тән болған, өзгеден бөтен бөгенайымен ерекшеленетін мөрленген төл белгілері саналады. Біздің кітабымыз соның бірнеше қырына ғана үңіліп, оның тарихи негіздемелік төркінін қарастырады. 

Аталған еңбегімізде ҚР заңнамасында көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне қосымша ретінде геральдикалық тұрғыдағы кескіндерді егжей-тегжейлі беріп, талдап көрсетуіміз – осы рәміздердің келіп шығуына негіз болған байырғы түп-төркіндік тарихты парақтау мақсатынан туындап отыр. Жай ғана парақтау емес, қысқа да, нұсқа дерек, тұжырымдар арқылы бүгінгі күні бізге мәлім болып отырған мүсіндер, кескіндер, әшекейлер, суреттер, т.б. мол құндылықтарымызға үңіліп, одан қазіргі өз болмысымызды іздейміз. Сол арқылы ғасырлар қойнауынан сабақтасып, тамырласып жеткен тарихымыздың тамырына үңілеміз. Қазақ гералдикасы атауының қалыптасуына түп негіз болған – жазба, қазба, тас бетіндегі тарихи жәдігерлерді шамамызша түгендеп, аталған ғылымның алдағы зерттелу нышандарын теориялық негіздермен толықтыруды мақсат етеміз.

– Бұйырса бұл еңбегіңіз отаншылдық тәрбиеде үлгі алатын дүние екен, сәттілік тілейміз! Жалпы жастар бойында патриоттық сезім, ұлттық сана қайдан пайда болады?

– Отанды сүю – отбасынан басталады деген жай сөз емес. Әрбір әке, әрбір ана өз үйі - өлең төсегіндегі қысыр кеңестерінде болсын, отандық махаббат хақында әңгіме өрбітуді ұмытпауы керек. Қазіргі жаһандану үрдісынде отбасыларда көбінде электрондық жүйе, сауда-саттық, ақша, мансап-мәртебе, өмір сүру қажеттлігі төңірегінде әңгімелер көбірек өрбиді. Отан ұығымы хақында ескерусіз қалыдратын кезіміз көп. Бесіктен белі шығар-шықпас балаға ата-ананың алғышқы айтқан әр өнегелі сөзі – мәңгілік тәрбиенің бастауы болады. Олай болса, ата-ана ел мен жердің қарызы мен парызы және ертеңгі болашғаы үшін ұрпағына айтар аманатын әр күні санаға салуы керек.

Түркі жауһарлары, қазақ батырлары рухы олардың ойына, бойына күш-қайрат беретін ескілікті тақырыптарды да жаңғыртып отыруымыз керек.

Ата-ана, ұстаз, қоғам сынды үш жақ ұштасып бала тәрбиесіне мән берсе, патриоттық сезім, ұлттық сана сүтпен бітеді, сүйекке сіңеді. 

– Күні кеше ғана ұлттық мереке Республика күнін тойлаттық. Биыл араға көп жыл салып қайтадана атап өтіп жатырмыз. Сіздің бұған деген көзқарасыңыз қандай?

– Республика күні – отандық мереке, отан ұғымы – ұрпақтың асыл мекенін аялап-сүюнің алтын көрсеткіші. Елдік сана, жер-мекен ұғымы бойына сіңірілмесе, ол адам қанша білімді болса да, ел-жұртқа, мелекетке қызмет ету жағынан кедейлік көреді. Жаңа жыл келсе ұрандата шабатындардың осындай бағалы мерекелерде үнсіз қалатындары да бар. Республика күні – әр қазақ өзінің төл, биік мәртебелі мерекесі санай алса, сонда ғана елдік нышандарымызды ел биігінген, халық жұрекгінен көреміз. 

– Мерекені мәнді етіп қалай атап өтуге болады? Сіз бұл күнді отбасыңызбен қалай тойлаттыңыз?

Мерекені мәнді ету – әр жүректің иманы мен ізгілігіне, тазалығына тән болады. Отбасын – отан ұғымының шағын ұясы ретінде әспеттеп көрсете алсақ, балалар отан, республика ұғымын да оңай түсінеді. Мен өзімнің балаларға арналған шығармашылығым және жалпы жасампаздық жолым арқылы өзгеге, ұл-қыздарыма өнеге болуды басты мақсат ретінде ұстанып келдім. Балаларымының жүрегіне отан ұғымының ұрығын сеуіп, оны дәнді-мәнді көктете алсам, мереке мерейі тіпті де арта береді деп ойлаймын.

– Алда шығармашылық жоспарыңыз қандай?

 – Қазақ халқының әдебиеті, тарихы ғана емес этнографиясы үшін де еңбектер жазу жоспарым бар. Себебі ұрпақ алдымен өзін танымай тұрып өзгені тани алмайды. Ал өзін танымай тұрып, бірден өзгені асыл ретінде бағаласа, онда одан отанға деген сый-құрмет, ел-жұртқа деген еңбек күту қиын. Олай болса ел танытуды, жер танытуды, тарихи асыл құндылықтарын танытуды мақсат еткен туындылар берм бе деп ойлаймын.

– Мақсатыңызға жетіңіз аға, елімізге деген тілегіңізді айта кетсеңіз ?

– Алла тағала қазақ халқына шексіз бақыт, байлық берді. Сол асылымызды ардақтап, аялап ұстасақ, келесі ұрпақтың аманатын аман-есен табыстасақ одан өткен мереке де, береке де жоқ. Мереке күні отандастарымды отанға деген махаббаттың әліппесін оқуға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, балаларымыз бақытты ғұмыр кешсін!

Сұхбатыңызға рахмет аға!

Өзгелердің жаңалығы