Парламент сайлауы. Енді Грузияда шу шығуы мүмкін

1 Қараша 2020, 17:39
1362
Бөлісу:
Парламент сайлауы. Енді Грузияда шу шығуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грузияда өткен парламент сайлауында билік басындағы "Грузин арманы" партиясы жеңіске жетті. Бірақ оппозиция қорытындымен келіспейтінін, Тбилиси орталығында наразылық бастайтынын мәлімдеді.

Грузия орталық сайлау комиссиясы алдын ала қорытындыларды жаңартты. Барлығы 3848 сайлау учаскесінің 3233-індегі бюллетендерді санағандағы мәлімет бойынша, биліктегі "Грузин арманы" партиясы 48,28 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Екінші орында – "Бірыңғай ұлттық қозғалыс – біріккен оппозиция", олар 26,57 пайыз дауыс жинаған.

Грузиядағы парламент сайлауымен қатар өткен Аджария автономиялық республикасы Жоғарғы кеңсінің сайлауында да "Грузин арманы" жеңіске жеткен.

Парламент сайлауына тіркелген дауыс берушілердің 56 пайызы қатысқан. Оппозициялық партиялар сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, "заңсыз сайлауға" наразылық білдіру үшін түстен кейін Тбилисидің орталығындағы Руставели даңғылына жиналуға шақырды.

"Бұл сайлау болған жоқ, соғыс болды, және соғыста біз жеңілген жоқпыз. Жексенбі күні сайлауда аймақтарға кеткен оппозиция өкілдері Тбилисиге қайтып оралуы керек" деді Азаттықтың "Эхо Кавказа" радиосына сұхбат берген "Ұлттық қозғалыстың" саяси кеңесінің мүшесі Ника Мелиа.

Лейбористік партия жетекшісі Шалва Нателашвили бұл сайлау қорытындыларының күшін жойып, қайта сайлау тағайындау керек деп санайды.

"Билікті олигархтар алып қойды. Грузин халқы бұған жауап беруі керек., бізді жаңа сайлау күтіп тұр, басқа жол жоқ. [Наразылық] шаралары басталса, ол Иванишвили ашық саясаттан кеткенше жалғаса бермек" деді Нателашвили.

Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан соң сегіз сағат бойы ешқандай брифинг өткізбеген, сайлаудың алдын ала қорытындыларын жарияламаған. Оның үстіне, ОСК биліктегі "Грузин арманы" партиясы жеңген хаттамаларды ғана жариялаған.

Өзгелердің жаңалығы