Пандемия кезеңінде 550 мыңнан астам отбасыға қаржылай көмек көрсетілді

16 Қазан 2020, 10:59
1492
Бөлісу:
Пандемия кезеңінде 550 мыңнан астам отбасыға қаржылай көмек көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова «Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттары және COVID-19 сын-қатерлері» атты халықаралық онлайн-конференцияға қатысты.

Агенттік төрағасы конференцияның «мемлекеттік басқару және қазіргі уақыттағы сенім» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз сөйлеп, пандемия кезінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі үшін ұйымдастырылған іс-шаралар туралы айтты. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «Пандемия барлық мемлекеттер үшін стресс-тестке айналды». Алайда, біз, көптеген басқа ел сияқты жинақталған тәжірибені ескере отырып, өз жұмысымызды бір жүйеге қойып, қайта құра алдық. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрғындарды қолдау бойынша бірқатар шара қабылданды. Бұл бағытқа 450 млрд тенге бөлінді, Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Біргеміз» қорының біржолғы қаржылай қолдауымен 550 мыңнан астам отбасыға қолдау көрсетілді, - деді Анар Жаилғанова. 
Сонымен қатар МҚІА басшысы пандемия кезеңінде қысқа мерзімде мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметшілердің денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыс тиісті деңгейде жүргізілгенін атап өтті. 

Мемлекеттік аппаратты жедел цифрландыру, оның функцияларын оңтайландыру, нормашығармашылық жұмыс, мемлекеттік жоспарлауды қайта қарау және т.б. бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен бірге, қазіргі пандемия - тиімді мемлекеттік басқару мен коммуникациялар дағдарысқа қарсы шаралар табысының негізгі элементтері болып табылатынын көрсетті - деді агенттік төрағасы. 

Аталған онлайн-конференция Назарбаев Университетінің жоғары мемлекеттік саясат мектебі мен Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының бастамасы бойынша өткізілді. 

Іс-шара қатысушыларға COVID-19-дан кейінгі кезеңде Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттарына байланысты проблемаларды талқылауға және шешімдер табуға, сондай-ақ ғалымдар мен практиктер арасында коммуникативтік алаң құруға мүмкіндік беруге арналған. 

Аталған онлайн-сессияға БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Италия, Грекия, Литва және Грузия сарапшылары мен ғалымдары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы