Палата отырыстарының күн тәртібі бекітілді

25 Желтоқсан 2023, 16:30
477
Бөлісу:
Палата отырыстарының күн тәртібі бекітілді
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат бюросының отырысында депутаттар 26 және 28 желтоқсан күндері өтетін Палата отырыстарының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенат төрағасы осы аптада Палатаның 2023 жылдағы қорытынды отырысы өтетінін атап өтті. Алдағы уақытта сенаторлардың өңірлерге сапарлары басталады. Мәулен Әшімбаев кездесулер барысында халыққа жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың мәнін және Парламент қабылдаған заңдардың негізгі ережелерін жан-жақты түсіндірудің маңызды екенін айтты.

Келер жылдың алғашқы күндері барлық депутаттар өңірлерге шығады. Осы орайда шалғай елді мекендердің тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды алаңдатқан мәселелерді шешуге оң ықпалымызды тигізу аса маңызды, – деді Палата спикері.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес 26 желтоқсан күні сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарайды. Құжат нормалары сараптама мерзімдерін 8-12 айға қысқартуды, әкімшілік шығындарды жоюды және геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі шараларды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Ал, 28 желтоқсан күні өтетін Палата отырысында Сенат депутаты Бибігүл Аққожинаның ант қабылдауы және оны тұрақты комитеттің құрамына сайлау мәселелері қаралады.

Сонымен қатар бұл күні депутаттар «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Аталған заңның нормалары Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге және Ұйым Хатшылығының кадр мәселелерін жедел шешуге арналған.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралады. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Ол шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесіне ие экспорттық-кредиттік агенттік құруды көздейді.

Сондай-ақ Бюро отырысында депутаттар Сенаттың Жобалық кеңсесінің тұрақты құрамы туралы мәселені қарады және Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар Палатаның тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.

Өзгелердің жаңалығы