Өзбекстан екінші атом электр станциясының жобасын дайындауға кірісті. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев Хорезм облысында инвестициялық жобаларды іске қосу рәсімінде мәлімдеді, деп хабарлайды Gazeta.uz.
Мемлекет басшысы тағы бір АЭС салу жоспары туралы көпшілік алдында алғаш рет айтып отыр.
«Бүгін сіздерге бір сыр айтайын: жақын арада біз екінші станция бойынша да үлкен дайындық жұмыстарын жүргіземіз», – деді Мирзиёев.
Екінші атом станциясының нақты қай жерде салынатыны, оның қуаты қандай болатыны және құрылыстың қашан басталатыны әзірге хабарланбады.
Мирзиёев энергетика саласының дамуын елдің тұрақты электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттілігімен түсіндірді. Оның айтуынша, қолжетімді әрі кепілдендірілген электр энергиясының болуы Өзбекстанда жобаларды іске қосуды қарастырып жатқан инвесторлар үшін басты мәселелердің біріне айналып отыр.
«Мен өз инвестициямды әкелемін, ал электр энергиясының бағасы қандай болады? Қандай кепілдіктер беріледі?» – деп президент әлеуетті инвесторлардың басты сұрақтарының бірін мысалға келтірді.
Сонымен қатар Өзбекстандағы алғашқы АЭС қазірдің өзінде Джизақ облысының Фариш ауданында салынып жатыр. Бұл жоба төрт энергоблокты қамтиды: әрқайсысы 1 ГВт болатын ВВЭР-1000 реакторлары бар екі үлкен блок және әрқайсысы 55 МВт болатын РИТМ-200Н шағын модульдік екі реактор. Станцияның жалпы қуаты 2 110 МВт, ал жылдық өндіріс көлемі 17 млрд кВт·сағ жетеді деп жоспарланған.
Бірінші шағын реакторды техникалық іске қосу 2029 жылдың қазан-қараша айларына, ал екіншісін алты айдан кейін жүзеге асыру көзделген. Бірінші ірі энергоблокты 2033 жылы іске қосып, жобаны 2034-2035 жылдары толық аяқтау көзделіп отыр.
Алғашқы АЭС-тің базалық құны 9,5 миллиард доллардан аспайды деп бағалануда. Қаражаттың едәуір бөлігін негізінен ресейлік экспорттық қаржыландыру есебінен несие ретінде тарту жоспарланған. «Росатом» сондай-ақ ядролық отынды жеткізумен, станцияға қызмет көрсетумен және пайдаланылған материалдарды өңдеумен айналысуы тиіс.
Тіпті бірінші станцияның құрылысы аяқталмай жатып, Өзбекстан келесі атом жобасын қарастырып жатыр. Алайда билік екінші АЭС-тің негізгі параметрлерін әзірге жариялаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі екі АЭС-тің құрылысын қазірден жоспарлау керегін айтты.