Өткен жылы 1,1 тонна алтын құймасы сатылған

19 Қаңтар 2022, 15:47
2135
Бөлісу:
Өткен жылы 1,1 тонна алтын құймасы сатылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 1,1 тонна болатын 32 326 алтын құйманы сатты. 2021 жылдың желтоқсан айында жалпы салмағы 107,4 кг 3 274 алтын құйма сатылды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 2,7 тоннаға жуық 74 905 алтын құйма сатылды. Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. 2021 жылы сатып алушылар арасында ең жоғары сұранысқа ие болған түрі – 10 грамдық алтын құйма болды. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 29%, яғни, 9 521 дана. Одан кейін 100 грамдық  құйма сұранысқа ие, 6 636 дана (21%) сатылған, 5 грамдық құймадан 6 136 дана (19%), 50 грамдық құймадан 5 265 дана (16%), 20 грамдық құймадан 4 768 дана (15%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады - делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 266 келі 10 886 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады. Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз. Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы