Отбасылық жанжал бойынша қылмыстық құқық бұзу 2 есеге өскен – Балаева

27 Мамыр 2022, 12:53
1121
Бөлісу:
Отбасылық жанжал бойынша қылмыстық құқық бұзу 2 есеге өскен – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Кеше Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның жаңа құрамдағы алғашқы отырысын өткіздік. Әрине, Комиссия бұрынғы құрамда да нәтижелі еңбек етіп, көптеген баянды бастамаларды көтергені белгілі. Оның барлығы қоғамнан да, халықаралық деңгейде де өз бағасын алды. Осы қарқыннан қалмай алдағы уақытта да негізгі міндеттерді іске асырудың тетіктерін күшейте беретін боламыз, - деп жазды ол.

Ол Конституциялық реформа – азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін беретін жаңа мүмкіндік екенін айтты.

Жаңа құраммен алғашқы жиынның референдум қарсаңында өтуінің мәні зор. Конституциялық реформа – азаматтық қоғамды дамытуға тың серпін беретін жаңа мүмкіндік екені белгілі. Сондықтан әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру жолында еліміздегі ең үлкен әйелдер қозғалысына айналып үлгерген Ұлттық комиссияға да үлкен жауапкершілік артылып отыр, - деп жазды Балаева.

Жаңа Қазақстан құрудың басты қағидаларына сай Ұлттық комиссияның жұмысы ашық әрі халыққа түсінікті болуы тиіс.

Әрине, алдымен отбасының мәселесін шешпей тұрып, тұтас қоғамның дамуы туралы сөз айту артық екені түсінікті. Өкінішке қарай, бұл бағытта мәселе жоқ емес. Мысалы, соңғы 5 жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық жанжал бойынша қылмыстық құқық бұзу 2 есеге өскен. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық көрсету қылмысы да жиі орын алуда. Әрбір үшінші неке бұзылып, ажырасқандардың үлесі жылдан жылға артуда. Кәмелет жасқа толмаған балалары бар жалғызбасты аналардың да қатары көбейп жатыр, - деді ол.

Аида Балаева комиссия жұмысына қатысты бірқатар өзгерістер қабылданғанын айтты.

Сондықтан комиссия жұмысына қатысты бірқатар өзгерістер қабылдадық. Бірінші, жұмыс жүргізу барысын нақтыладық. Екінші, жаңа уақыттың сын-қатерлері мен оларды шешуге қатысты терең талдаулар жасалатын болады. Үшінші, өңірлердегі ахуал ерекше назарға алынады. Төртінші, Комиссия жұмысында ғылыми-талдау бағытын дамытамыз. Бесінші, нақты субъектілермен тікелей байланыс орнатамыз. Алтыншы, халықаралық ұйымдармен өзара ынтымақтастық орнатуға айрықша көңіл бөлінеді. Ауқымы кең алдағы жұмыс барысы туралы жүйелі түрде жедел ақпарат беріп отыратын боламыз, - деп жазды Балаева.

Өзгелердің жаңалығы