Отансүйгіштіктің озық үлгісі

7 Мамыр 2024, 17:11
409
Бөлісу:
Отансүйгіштіктің озық үлгісі
Фото: автордан

Бүгін — Отан қорғаушылар күні. Осы мерекеге орай Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде жемісті еңбек етіп жүрген әскери қызметшілермен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз — әскери салада абыройлы қызмет жасап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жеке құрамдағы сарбаздарға жан-жақты бағыт сілтеп, әскер қатарына қосылған жастарды отансүйгіштікке,жауапкершілікке, сабырлылыққа тәрбиелеп жүрген әскери қызметшілер. Олар көктемгі су тасқыны кезінде күндіз-түні тынбай, тұрғындарды судан құтқару, су басқан үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылды.

Ақтөбе облысында болған су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қатар әскери қызметшілер де көп жұмыс атқарды. Кеше, мереке қарсаңында, бір топ әскерилер осындай жанкешті еңбектері үшін Мемлекет басшысының, сондай-ақ облыс әкімінің арнайы марапаттарына ие болды.

Аға лейтенант Абылай

Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімі №3 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Абылай Бекболатовтың осы салада еңбек еткеніне бес жыл болған. Ол Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан әскери институтын 2019 жылы аяқтап, жолдамамен Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне жұмысқа қабылданған. Жастайынан әскери қызметші болуды армандаған ол ақыры өз дегеніне жеткеніне мақтанады.

Отансүйгіштіктің озық үлгісі

Мен кішкентай кезімнен әскерилердің өміріне қызығып өстім. Сондықтан мектепті бітірген соң әскери салаға оқуға түсуді ойладым. Алайда белгілі бір себептерге байланысты 2014 жылы оқуға түсе алмай қалдым. Содан бір жыл жұмыс істеп, 2015 жылы әскери институтқа түстім. Оны 2019 жылы аяқтап, өз келісіміммен осы жерге жұмысқа орналастым. Міне, бес жылдан бері осы әскери бөлімде абыройлы, жемісті еңбек етім келемін. Менің негізгі туған жерім — Тараз қаласы. Барлық жақындарым сол жақта тұрады. Дегенмен өткен жылы осы қалада отбасын құрып, бүгінде бір шаңырақтың иесі болып отырмын. Мен үшін әскери қызмет — өте жауапты жұмыс. Бұл жерде жедел мақсаттағы батальон сарбаздары қаладағы қоғамдық тәртіпті бақылайды, арнайы орындарды, мекемелерді күзетеді. Бөлімде біз қатардағы жауынгерлердің ішкі тәртіпті қатаң сақтауын, оларға барлық қолайлы жағдайдың жасалуын қадағалап отырамыз. Сондай-ақ мәдени-көпшілік, патриоттық іс-шаралар өткіземіз, — дейді кейіпкеріміз.

Көктемгі су тасқыны кезінде Абылай әріптестерімен, сондай-ақ қатардағы жауынгерлермен бірге құтқару жұмыстарына атсалысқан. Олар қала аумағындағы тұрғын үйлерді судан қорғау үшін су бағытын өзгерту, арналарды бұру, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, үйлерінен шыға алмай қалған қариялар мен балаларды сыртқа алып шығу, т.б. жұмыстарға жұмылдырылған.

Елімізде су тасқыны болған кезде құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар саласының мамандары ғана емес, әскери бөлім жауынгерлері, Ұлттық Ұланның жеке құрамы да жұмылдырылды. Осы орайда біздің әскери бөлімнің сарбаздары да құтқару жұмыстарына барды. Бастапқыда бізге қала аумағында дамбы жарылғаны туралы ақпарат келді. Біз еш ойланбастан, бұйрықты ести сала жауынгерлік әзірлікпен төтенше жағдай департаменті қызметкерлерімен бірлесіп күндіз-түні 4 ауысымда жұмыс жасадық. Алдымен Елек өзені бойындағы үйлерде тұратын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменті қызметкерлерімен бірге қайыққа мініп, адамдарды судан құтқардық. Одан кейін екінші аптадан бастап Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тұрғындардың үйлерінде қалып қойған дүние-мүлкін, заттарын шығаруға көмектестік. Үй иелеріне жануарларын, бағалы заттарын апарып бердік. Биыл су тасқыны қатты болды, сол себептен тұрғындар өз үйлеріне кіре алмады, — дейді Абылай Бекболатов.

Оның айтуынша, сәуір айынан бастап әлі күнге дейін әскери қызметшілер тұрғындардың су басқан үйлерін полиция департаменті мамандарымен бірге күзетіп жүр. Себебі иесіз қалған үйлерге ұрылар түсуі мүмкін. Тіпті, осыған дейін мұндай бірлі-жарым деректер де тіркелген екен. Қазір Абылай жұмыс тобымен бірге Ақжар-2, Кірпішті, Қарғалы тұрғын алаптарындағы үйлердің қауіпсіздігін сақтау шараларына атсалысуда. Бұл жерлерде көптеген үйлерді су басқан. Үй иелері болса қазір эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. 

Бастапқыда жан-жақтан келген қатардағы жауынгерлер судан тосырқап қалғаны рас. Себебі олардың арасында мұндай табиғи апатты көрмегендері, тіпті, суда жүзе алмайтындары да бар. Менің өзім мұндай су тасқынын өмірімде бірінші рет көрдім. Дегенмен біздің міндетіміз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды апаттан, қауіптен құтқару болғандықтан, ештеңеге алаңдамай жұмысымызды орындадық. Қазір менің тобымда екі жауынгер, полиция департаментінің бір қызметкері және әскери бөлімде жұмыс істейтін медицина саласының маманы бар, — дейді аға лейтенант.

Оның айтуынша, №6655 әскери бөлімінің жауынгерлері су тасқыны кезінде қырағылық танытып, ыждағаттылықпен әрекет еткен. Күндіз-түні тынбай, құтқару жұмыстарына атсалысқан. Олардың осы еңбегін ескерген ақтөбелік еріктілер жауынгерлердің жұмыс істеп жүрген жерлеріне түскі және кешкі ас апарып берген. Жауапты мекемелер резеңке етік беріп, қажетті құралдармен қамтамасыз еткен.

Кейіпкеріміз әскери қызметте еңбек ету өте қиын екенінайтады. Мұнда жауапкершілік көп, талап қатал, ешқашан босаңсуға, жауапкершіліктен қашуға болмайды. Осы орайда қатардағы жауынгерлердің әскери тәртіпке бағынып, борыштарын адал атқаруына басшылық жасап жүрген Абылай Бекболатов — көпке үлгі болатын жас әскери қызметшілердің бірі. Оның осы салада еткен еңбегі еленіп,өткен жылы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтан арнайы Алғыс хат алыпты. Қашан да өзінің жайдары мінезімен, ұқыптылығымен, жауапкершілігімен көптің алғысына бөленіп, басшылықтан тек жақсы сөз еститін аға лейтенант болашақта елге қалтқысыз қызмет етуді мақсат тұтады.

Оның айтуынша, әскери салада мақсаты айқын, жоспары бар, жинақылық пен отансүйгіштікті басты орынға қоятын ер-азамат қана зор жетістікке жетеді.

Қай кезде де Отан қорғау — әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан еліміздің әрбір ұланы өз борышын абыроймен орындауы керек. Қазір біздің бөлімге 2004-2005 жылғы сарбаздар әскери борышын өтеуге келіп жатыр. Біз оларға ішкі тәртіпті, қару ұстауды, жауынгерлік әзірлік пен қоян-қолтық ұрысты үйретеміз. Сондай-ақ биылдан бастап әскери бөлімде мектеп оқушыларына әр түрлі патриоттық-мәдени іс-шаралар ұйымдастырудамыз. Ондағы мақсат — ер балаларды жастайынан отансүйгіштікке, патриоттылыққа тәрбиелеу, әскери саланың қыр-сырымен таныстыру. Егер оқушылар осы кезден бастап әскери өмір жайлы мағлұмат алса, олардың осы салаға деген қызығушылығы оянады, патриот болып өседі, — дейді Абылай Бекболатов.

Айта кету керек, Абылай қазір келіншегі екеуі пәтер жалдап тұрады. Бұл жас отбасыға мемлекет тарапынан пәтердіжалға алуына төлемақы беріледі. Алайда әскери қызметші болашақта осы салада еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтуға жағдай жасалса екен дейді.

 Әскерилер күндіз-түні дамылсыз еңбек еткенімен, төленетін жалақы аз. Негізінен, еңбекақы әскер қызметшілердің дәрежесіне, санатына, еңбек өтіліне байланысты төленеді. Осы орайда айта кететін жайт, әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй бағдарламалары көптеп шығарылса деген тілегіміз бар. Себебі біздің салада бір бағдарламаға шектеулі ғана адам қатыстырылады. Қызметтік үйге ұсыныс берсек, я еңбек өтіліміз келмейді, я қатысушылардың саны шектеулі. Осы мәселені Үкімет назарға алса екен, — дейді кейіпкеріміз.

 

Бақдәулеттің тілегі

№6655 әскери бөлімі артиллериялық-зениттік дивизионның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Бақдәулет Абдулмажит — өз жұмысына тиянақты, ісі шапшаң, сөзге шебер жігіт. Ол әскери бөлімде 2021 жылдан бері қызмет етіп келеді. Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан әскери институтын бітірген.

Отансүйгіштіктің озық үлгісі

Мен Шымкент қаласының тумасымын. Отбасында бес баланың ортаншымын. Ең үлкен ағам Мақсат 2015 жылы әскери институтты бітірді. Содан кейін ағама еліктеп, менің де әскери салаға деген қызығушылығым артты. Бұл жерге келісімшарт бойынша жұмыс жасауға келдім. Үш жылдан бері жемісті еңбек етіп, жауынгерлерді әскери дайындықтан өткізіп, оларға әскери өмірдің қыр-сырын үйретіп келемін. Әрине, сарбаздарға басында қиын. Бастапқы үш айда бейімделу кезеңінен өтеді. Біз осы кезеңде барлық жауынгерлерге қолдау көрсетеміз. Әскери ант қабылданғанға дейін олар саптық дайындық, жауынгерлік дайындықтан өткізіледі. Бұдан бөлек, менің басты қызметім — Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға заң бұзушылықтар, ішкі тәртіп туралы түсіндіру, тәрбиелік-әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру, табиғи апат кезінде жеке құрамның жауапты қызметті дұрыс атқаруын қадағалау. Ең қуаныштысы, біздің бөлімде биыл оқыс оқиғалар, сарбаздардың әскери бөлімнен қашу деректері тіркелмеді,— дейді ол.

Бақдәулет Абдулмажиттің айтуынша, әскери бөлімдежауынгерлерге күн тәртібіне сәйкес әр күн сайын дене тексерісі өткізіледі. Оларды әскери қызметшілер таңғы және кешкі уақытында екі рет тексереді. Тексеру жұмыстарынаәскери полиция, медицина саласының мамандары қатысады. Айына бір рет әскери прокуратураның өкілдері шақырылады. Бұл олардың қауіпсіздігі үшін жасалады.

Әскери бөлім бейнекамералармен толық қамтылған. Мұнда сарбаздарға үш мезгіл тамақ беріледі. Дүйсенбі-жұма күндері жауынгерлер таңғы сағат 6.00-де тұрып, жаттығу жасайды. Әрі қарай таңғы ас ішіп, қызметтеріне кіріседі. Ал ұйқыға кешкі сағат 22.00-де жатады. Демалыс күндері бөлімде сарбаздарға арналып мәдени, демалыс іс-шаралары ұйымдастырылады.

 Біздің сарбаздар биылғы су тасқыны кезінде дамылсыз еңбек етті. Әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп қана қоймай, адамдарды, жан-жануарларды қауіптен құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Меніңше, оларға бұл қиындықтар үлкен тәжірибе болмақ. Себебі қиындықпен, тәжірибемен, ізденіспен жеткен жетістіктің жемісі тәтті әрі қымбат. Сондықтан біз қашан да сарбаздарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Биылғы су тасқынына байланысты елімізде Отан қорғаушылар күні кең көлемде тойланып жатқан жоқ. Дегенмен біз үшін ең бастысы — халқымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы. Біздің әскери бөлім мереке қарсаңында еске алу шараларын өткізді. Бөлім аумағында орналасқан Тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрыстақаза тапқан 17 сарбазға арналған ескерткіш пен 2016 жылы әскери бөлімге жасалған шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапқан үш әскери қызметшіге арнап қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды еске алдық, — дейді Бақдәулет Абдулмажит.

Өзгелердің жаңалығы