Отандық фармацевтика кәсіпорындарына қолдау көрсетіледі – Атамқұлов

6 Қазан 2020, 11:36
1425
Бөлісу:
Отандық фармацевтика кәсіпорындарына қолдау көрсетіледі – Атамқұлов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық фармацевтика кәсіпорындарына көрсетілетін қолдау туралы айтты.

62 шара мен 8 бөлімнен құралған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында осы мәселе қамтылған. 

Соның ішінде фармацевтикалық қызметті заңнамалық реттеу аясында отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлар үшін фармацевтикалық өнімдерінің ішкі нарыққа шығуын оңайлату қарастырылған. Сатып алудағы жергілікті өнім үлесін ұлғайту және сатып алу мерзімін қысқарту көзделеді. Мысалы шет елдердің тәжірибесіне қарасақ, дәрілік заттар айналысын бөлек реттеу мен медициналық бұйымдар айналысына қойылатын түрлі талаптарға байланысты нарыққа тез шығуын қамтамасыз етеді, - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, фармацевтикалық өнімдердің бағаларын тіркеу мемлекеттік қызмет көрсету форматына ауыстырылады. Оның барлығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және өзге де нормативтік актілерге өзгерістер енгізу арқылы іске асырылады.

Сонымен қатар, ведомство басшысының мәліметі бойынша, еліміздің фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. 

Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді. Бес мыңнан астам адам фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Ірі өндіріс ошақтары еліміздің 4 өңірінде – Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында орналасқан. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75 пайызын қамтамасыз етеді- деді министр. Сала кәсіпорындарының тұрақты қызметі нәтижесінде 2019 жылы өндіріс көлемі 18 пайызға өсіп, 92 млрд теңгені құрады. Экспорт 69 пайызға артып, 59 млн АҚШ долларына жетті. Биылғы 8 айда отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген жоғары қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндіріс 34,1 пайызға немесе 81,5 млрд теңгеге өсті. Инвестиция 5,2 пайызға артып, 4,1 млрд теңгені құрады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы