Осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам ота жасаппын – Серік Ақшолақов

7 Сәуір 2022, 15:31
2266
Бөлісу:
Осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам ота жасаппын – Серік Ақшолақов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасына сұхбат берген «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, білікті нейрохирург Серік Ақшолақов айтты.

Орталық басшысы тәжірибесінде орын алған таңқаларлық оқиғаларымен бөлісті. 

Осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам операция жасаппын. Ең ұзақ жасалған операция – 16 сағат. 2008 жылы орталықта жаңа жұмысымызды қолға алып жатқан кезде инсульт алып, комаға кеткен әйел науқас түсті. Айы-күні жеткен, бүгін-ертең босануы тиіс. Тексеріп қарасақ, тәжірибемізде мұндай науқас аз кездескен екен. Негізі қалыптасқан қағида бойынша бірінші кезекте ананың өмірін сақтап қалу керек. Бірақ бұл жерде баланың айы-күні жетіп тұр. Сондықтан екеуінің де өмірін сақтауға тырысайық деп Ана мен бала орталығынан әріптестерімізді шақырып, екі бригада бірден ота жасауға кірістік. Олар кесарь тілігімен баланы алды, біз мидың ішіндегі қантамыр жарылыпты. Соны алуға кірістік. Ұзақ отадан соң анасы үш жеті комада болды. Бәрі сәтті аяқталды, - деді Серік Ақшолақов. 

Дәрігердің мәлімдеуінше, қазіргі таңда денсаулығы толықтай қалпына келген пациент үш баланың анасы екен. 

Тағы бір жағдайға тоқталып өтсем. Алматыдан әріптестеріміз бізге бір жүкті әйел туралы айтты. Ми ісігіне шалдыққан, қанталап, жағдайы өте нашарлаған екен. Іштегі бала әлі кішкентай, 4 айлық шамасында. Босандырып алуға әлі ерте. Дәрігерлер операция жасап баланы алып тастап, әйелді емдеуі тиіс болатын. Әйел мен жолдасы оған көнбей, көптен күткен сәбилері екенін айтқан. Ақылдастық. Бірақ наркоз салғанда іштегі бала өліп қала ма деп күдіктендік. Гинекологтар аппаратпен баланы қарап отырды да, жүрек соғысын үлкейтіп, дауысын шығарып қойды. Ота залының іші тып-тыныш, баланың жүрек соғысы ғана естіледі. Операция сәтті өтті, - деп ағынан жарылды дәрігер. 

Өзгелердің жаңалығы