Өскеменде Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның екі бухгалтері 144 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы қалалық №2 соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресми мәліметке сәйкес, 2017 жылдан 2024 жылға дейін бас бухгалтер мен оның әріптесі қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекет қаржысын өздеріне аударып отырған. Олар алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, қаражатты бірнеше жыл бойы жүйелі түрде ұрлап келген.
Ақша білім беру саласына бөлінген және мектептің қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс еді. Алайда күдіктілер қаражатты өз шоттарына заңсыз аударып отырған, - делінген соттың хабарламасында.
Жалпы мемлекетке келтірілген шығын көлемі 144 622 868 теңгені құрайды.
Сот процесі барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді. Бұл жағдай жаза тағайындау кезінде ескерілді.
Сот шешімі бойынша екі бухгалтер де жеті жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ келтірілген шығынды толық көлемде өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар, оларға материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Аталған сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.