Орысша сөйлейтін министрдің қазақшасына Нығматулин жымиды

3 Наурыз 2021, 10:30
13008
Бөлісу:
Орысша сөйлейтін министрдің қазақшасына Нығматулин жымиды

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздегі ең жас министрі, яғни Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев келген.

Ол «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өніміне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу  қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы туралы баяндама жасады. 

Бұған дейінгі отырыстардың бірінде министр мемлекеттік тілде сөйлемегені үшін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтің сынына қалғаны бар. Бүгін сондықтан барынша қазақша сөйлеуге тырысты. Сұрақ-жауап кезінде де мемлекеттік тілде жауап қатуға талпынды.

Осы келсімнің мақсаты темекі өнімдеріне акциздер мөлшерлемесін үйлестіру жолымен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде темекі өнімі нарығы жұмыс істеу үшін қамтамасыз етуді көздейді. Келісімде сигареттерге акциздердің индикативтік мөлшерлемесі белгіленеді. Осыған байланысты менің сұрағым, бұл келісімде акциздер мөлшерлемесі темекі өнімдерінің барлығына емес, тек бір ғана түріне үйлестіріледі. Осыны түсіндіріп берсеңіз,- деді  депутат Фахриддин Қаратаев.

Төменгі палатаның депутатының сауалына ведомство барынша қазақша жауап беруге талпынды.

Темекі түрлерінің ішінде ең көп сұраныс - сигаретке болып отыр. Сондықтан темекінің ең көп көлемі сигареттерде. Осыған байланысты акциздердің индикативтің ставкасы тек сигареттерге белгіленген. Темекінің басқа түрлерінің көлемі аз болғандықтан белгіленбеген, - деді министр.

Осы кезде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ерғалиевтің қазақшасына жымиып, әзілдеп үлгерді.

Себебі, еуразиялық мемлекеттерде тек сигарет шығарады. Сигара басқа жерде, - деп Нығматулин отырғандарды бір күлдірді.
Өзгелердің жаңалығы