- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Орталық Азиямен тауар айналымы күрт өсті: Қазақстан жаңа межені бағындырды
Орталық Азиямен тауар айналымы күрт өсті: Қазақстан жаңа межені бағындырды
Орталық Азиямен тауар айналымы тарихи рекордқа жетті. Бірақ сарапшылар экспорт құрылымындағы маңызды өзгеріске ерекше назар аударуға шақырады.
27 Шілде 2026, 18:31
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 28,9%-ға өсіп, рекордтық 4,2 млрд долларға жетті. Сонымен қатар аймақ бүгінде Қазақстан экспорттайтын дайын өнімнің 40%-ын қабылдайтын негізгі сыртқы нарыққа айналып отыр. Бұл туралы экономист Ернар Серік келтірген деректерде айтылған.
Тауар айналымы рекордтық деңгейге жетті
Бес айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорты 27%-ға өсіп, 3,2 млрд долларды құрады. Импорт көлемі де 35,5%-ға артып, 991 млн долларға жетті. Соның нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы 1,8 млрд доллардан 2,2 млрд долларға дейін ұлғайды.
Өзбекстан – басты сауда серіктесі
Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі – Өзбекстан. Екі ел арасындағы тауар айналымы бес айда 37,2%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жеткен. Бұл Қазақстанның аймақпен жалпы саудасының 55,5%-ын құрайды. Одан кейін Қырғызстан (1 млрд доллар), Тәжікстан (615 млн доллар) және Түрікменстан (215 млн доллар) орналасқан.
Экспорттың өсуіне бидай серпін берді
Экспорттың өсуіне ең көп үлес қосқан өнім – бидай. Оның жеткізілімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72%-ға артып, 639 млн долларға жетті. Нәтижесінде бидай Қазақстанның Орталық Азияға экспортының бестен бірінен астамын қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, күнбағыс майы, алтын, болат өнімдері мен ұн экспорты да айтарлықтай өскен.
Орталық Азия дайын өнімнің негізгі нарығына айналды
Экономистің айтуынша, рекордтық тауар айналымынан да маңызды үрдіс байқалады. Орталық Азия Қазақстан үшін жай ғана көрші нарық емес, өңделген өнімді өткізудің басты бағытына айналып келеді.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Орталық Азия елдерінің үлесіне Қазақстанның шикізат экспортының 5%-ы, жартылай фабрикаттар экспортының 33%-ы және қайта экспортты есепке алмағанда дайын өнім экспортының 40%-ы тиесілі болды. Яғни, аймақтың Қазақстан экспортындағы жалпы үлесі 10,5% болғанымен, шетелге шығарылатын дайын өнімнің екіден бес бөлігі дәл осы нарыққа жөнелтіледі.
Дайын өнім экспортының үлесі неге өспей тұр?
Бұл үрдіс соңғы он жылда біртіндеп қалыптасты. Егер 2016 жылы Орталық Азия Қазақстанның дайын өнім экспортының 36%-ын қабылдаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 42%-ға дейін көтерілді. Ал 2026 жылы 40% деңгейінде сақталып отыр.
Жартылай фабрикаттар экспортының маңызы да артып келеді. Соңғы он жылда Орталық Азияның бұл сегменттегі үлесі 16%-дан 33%-ға дейін ұлғайған. Тек соңғы екі жылдың өзінде көрсеткіш 22%-дан 33%-ға жеткен.
Соған қарамастан Қазақстанның Орталық Азияға экспорт құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Сарапшының дерегінше, экспорттың 39%-ын шикізат және оған жақын өнімдер, 37%-ын жартылай фабрикаттар, небәрі 18%-ын дайын өнім құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда іс жүзінде өзгермеген.
Келесі рекордтың өлшемі қандай болуы керек?
Сарапшының пікірінше, Қазақстан үшін Орталық Азиядан қолайлы экспорттық нарық жоқ деуге болады. Аймақ халқының саны тұрақты өсіп келеді, логистикасы қолайлы, тұтынушылық сұраныс ұқсас әрі қазақстандық өндірушілер бұл нарықта өз орнын қалыптастырған.
Осыған байланысты келесі рекорд тек тауар айналымының көлемімен өлшенбеуі тиіс. Негізгі міндет – Орталық Азияға экспортталатын жоғары қосылған құны бар өңделген өнімдердің үлесін арттыру. Өйткені бүгінде аймақ Қазақстанның дайын өнім экспортының негізгі нарығына айналғанымен, жеткізілетін тауарлардың басым бөлігін әлі де астық, металл, алтын, күнбағыс майы және бастапқы өңдеуден өткен өнімдер құрап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы тұрғындарының банк алдындағы берешегі 7,6 трлн теңгеден асқанын хабарладық. ҚР Ұлттық банкі 2026 жылғы 1 шілдедегі өңірлік статистиканы жариялап, ел тұрғындарының банктер алдындағы жалпы берешегін көрсетті.
Ең оқылған:
- Иран мен Оман Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін талқылады
- Трамп пен Зеленский келесі аптада Ақ үйде кездеседі
- Иран: АҚШ шабуылдарын тоқтатса, біз де соққы жасамаймыз
- Нетаньяху АҚШ-қа сапары алдында әскери-саяси кабинет отырысын өткізеді
- Жамбыл облысында жоғалып кеткен 19 жастағы қойшы аман-есен табылды
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ