Қазақстанда халықтың банк несиелері өсіп келеді. Ұлттық банктің 2026 жылғы 1 шілдедегі өңірлік статистикасына сәйкес, ел тұрғындарының банктер алдындағы жалпы берешегі 25,8 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең үлкен несие портфелі Алматы қаласына тиесілі. Қаржы орталығы саналатын мегаполис тұрғындарының қарызы 7,64 трлн теңгеден асып, республикадағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.
Екінші орында Астана тұр. Елорда тұрғындарының банк несиелері 4,24 трлн теңгені құраған. Үшінші орынға Шымкент жайғасып, қала тұрғындарының қарызы 2,05 трлн теңгеге жетті. Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында тіркелген – 1,39 трлн теңге. Одан кейін Ақтөбе облысы (1,01 трлн теңге) орналасқан.
Керісінше, ең төменгі несие көлемі Ұлытау облысында тіркелді. Бұл өңір тұрғындарының банк алдындағы берешегі 204,2 млрд теңге. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында – 336,8 млрд теңге, Алматы облысында – 394,6 млрд теңге, Ақмола облысында – 524 млрд теңге, Абай облысында – 545,5 млрд теңге көлемінде несие бар.
Статистикаға сәйкес, халықтың қарызының басым бөлігін тұтынушылық несиелер. Бұл бағыттағы қарыз көлемі 17,3 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде Алматы қаласы (5,39 трлн теңге), Астана (1,84 трлн теңге) және Шымкент (1,45 трлн теңге) көш бастап тұр.
Ал ипотекалық қарыздардың жалпы көлемі 7,45 трлн теңге. Бұл санатта Астана 2,19 трлн теңгемен бірінші орында болса, Алматыда ипотекалық қарыз көлемі 1,96 трлн теңгеге жеткен. Шымкентте бұл көрсеткіш 445,3 млрд теңгені құрады.
Ұлттық банк деректері жеке кәсіпкерлердің кәсіпкерлік мақсатта алған несиелерін қамтымайды. Статистика тек жеке тұлғалардың банк алдындағы берешегін көрсетеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда несиенің құны төмендей ме? Базалық мөлшерлемеге қатысты жаңа болжам жарияланды