Орталық Африкадағы қазақстандық бітімгерлер ротацияланды

4 Тамыз 2023, 13:09
732
Бөлісу:
Орталық Африкадағы қазақстандық бітімгерлер ротацияланды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Орталық Африка Республикасындағы қазақстандық бітімгерлер ротацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілерінің Орталық Африка Республикасындағы (ОАР) Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына қатысу аясында офицерлердің алғашқы ротациясы өткізілді.

2022 жылы парламент ел Қарулы күштерінің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу ауқымын кеңейту туралы шешім қабылдаған болатын. Өткен жылдың жазында екі әскери қызметші Орталық Африка Республикасына (ОАР) жіберілді. Олар 12 ай бойы БҰҰ-ның ОАР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі көпсалалы кешенді миссиясының құрамында штаб офицерлері ретінде қызмет етті, - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ бітімгерлік мандатын іске асыру мақсатында елдегі ішкі жағдай туралы ақпаратты өңдеу және талдау жөніндегі міндеттерді орындады, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өз үлестерін қосты.

Оларды ауыстырған офицерлер миссияның нұсқауларына сәйкес өздеріне жүктелген міндеттерді орындауды жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы