Орман қоры аумағын әуеден күзетуге 43 млн теңге бөлінді

8 Мамыр 2020, 14:11
3730
Бөлісу:
Орман қоры аумағын әуеден күзетуге 43 млн теңге бөлінді
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында орын алуы мүмкін төтенше жағдайларды бақылау, болдырмау шараларының жоспары жасалып, нақты әрекеттердің тізбесі түзілген. Өңірдегі аталған бағыттағы ахуал жайында жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев айтып берді.

Соңғы екі жылда Жамбыл облысының аумағында көп қабатты үйлердің терезелерінен кәмелетке толмаған 6 бала құлады. Ал 2017 жылы осындай 14 оқиға орын алса, 2018 жылы терезеден 7 бала құлап, 6 жасар жеткіншек қаза тапқан болатын.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысының айтуынша, төтенше жағдай саласы мамандары атқарушы органдар, полиция қызметі және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, 2 465 адамды қамтитын көп қабатты үйлердің тұрғындарымен 6 жиын өткізген.

Терезеден құлау оқиғасы, әсіресе қаладағы балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жеткіншектер ашық терезенің алдында өте осал келеді. Осындай жазатайым жағдайды болдырмау үшін қарапайым ережелерді ұстанған жөн. Пәтер терезелерін ашқанда, бөлмені желдеткен кезде баланың қараусыз қалмағанына көз жеткізіңіз. Балалар балконға ересектердің еріп жүруінсіз шықпасын. Ешқашан ұйықыдағы баланы пәтерде жалғыз қалдырмаңыз. Ол оянып ашық терезеге келуі мүмкін. Барлық жиһазды, соның ішінде кереуеттерді терезеден алыс қою керек. Баланың терезеге мінуі немесе балконнан көшеге қарауы үшін аяқ астына орындық, өзге де құралдарды қоюға үйретпеңіз, - деген ол үй терезелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түрлі құралдары бар екенін еске салды. 
Оның құны көпшілікке қол жетімді.

Жамбыл облысы аумағында Талас, Шу, Аса өзендері, Ақкөл, Билікөл, Балқаш көлдері, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Ынталы, Қарақоңыз, Қақпатас ірі су қоймалары, 100-ден астам су өткізу арнасы және 102 шағын су қоймасы бар екен. Бұл су айдындарында шомылуға арналған 197 тыйым салу белгісі орнатылған.

Мақсат Әкімбаев өткен жылы суға түсу кезеңінде шомылу үшін жабдықталған 3 жағажай, 50 жеке бассейн жұмыс істегенін айтты. Оның 17-сі Тараз қаласында орналасқан. Жергілікті жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары өңірдегі су айдындарында орын алатын оқыс оқиғаларды бақылау үшін дайындық шараларына кірісіп кеткен. Бұл бағытта 15 техника, 10 жүзу құралы, яғни резеңке және металл қайықтар және 93 бірлік инженерлік жабдықтар әзір тұр.

Биыл облыс әкімінің арнайы қаулысымен өңірдегі су айдындарында 15 көпшілік демалыс орны анықталды. Олар Тараз қаласында, Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Қордай, Талас, Байзақ, Т. Рысқұлов, Шу және Мойынқұм аудандарында орналасқан. Осы су айдындарында жазғы суға шомылу кезеңінде төтенше оқиғаларды болдырмау мақсатында тиісті мекемелермен келісім шаралары қолға алынды. Рейдтік жұмыстарды өткізудің жоспары да бекітілді. Мамыр айының үшінші он күндігінде және маусым айында қала сыртындағы 10 сауықтыру лагерінің басшыларымен семинар өткіземіз. Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға қатысты ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел және брифинг ұйымдастырамыз. Онда қоғамдық құтқарушылар бекеттерін құру, сондай-ақ суға түсуге тыйым салынған және жабдықталмаған орындардарда суға шомылудың қауіптілігі, өзге де осы секілді мәселелер түсіндірілетін болады, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Табиғи жағдайдағы өрттің алдын алу жайында айтқан төтенше жағдай департаментінің өкілі жергілікті полиция басқармасы мен атқарушы органдардың жеке құрамдарының көмегімен 84 маманнан жасақталған 18 бірлескен ұтқыр топ құрылғанын жеткізді. Орман мен дала өрттері пайда болған жағдайда күштер мен құралдарды тарту жоспары, сондай-ақ байланыс, халықты хабардар ету және ақпараттандыру жүйесі түзіліп, бекітілген. Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті мен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Шу және Талас облыстарындағы басқармалары трансшекаралық төтенше жағдай қаупі туындауы кезінде өзара іс-қимыл жоспарын түзген. Онда трансшекаралық аумақтарда ірі табиғи өртті ауыздықтауға қос тараптың күштері мен құралдарын жұмылдыру тәртібі белгіленген.

Шекара маңындағы аумақтарда орын алуы мүмкін табиғи өрттер кезінде жедел әрекет ету мақсатында Шекара қызметінің үш әскери бөлімімен арнайы меморандумға қол қойылды. Жамбыл облысы территориясының ғарыштық монтронингін жасауға биыл жергілікті қазынадан 5 млн 246 мың теңге қаражат қаралды. "Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК" АҚ-мен келісім-шарт жасалды. 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары күн сайын 3 мезгіл өңірдегі жалпы көлемі 3,2 млн гектар болатын мемлекеттік орман қоры аумағын "Қазавиаорманқорғау" РМҚК авиатехникасымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізуде. Бұл үшін бюджеттен 43 млн 352 мың теңге бөлінген. Екі жыл бұрын 21 млн теңге қаржыға сатып алынған "Суперкам Х 6М2М" ұшқышсыз ұшу қондырғысы да қызметке сақадай сай тұр, - деді азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев.
Оның айтуынша, Жамбыл облысы әкімдігі биыл мемлекеттік орман қорының аумағын өрттен қорғау жұмыстарын жүргізуге 78 млн теңге, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жақсартуға 4,8 млн теңге қарастырған. 150 мың литр көлеміндегі жанар-жағармай резерві де құрылған. Ал былтыр мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінген 280 млн теңгеге 14 трактор, 14 өрт сөндіру автокөлігі, сонымен қатар 13 бірлік бақылау пункттеріне қажетті жылжымалы тұрғын вагондары сатып алыныпты.
Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық мекемелерде бірінші үлгідегі 15 орман өртін сөндіру станциясы құрылды. Олар 135 қызметкермен, 18 өрт сөндіру автомобильімен, 36 трактормен, 174 аспалы өрт сөндіргіштермен, 24 мотопомпалармен және 246 радиостанциямен жасақталған. Өткен жылы өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес Меркі, Байзақ, Шу аудандарындағы 3 шалғай елді мекенде 5 мыңнан астам адам санымен өрт сөндіру бекеттері құрылды. Биыл тағы 3 елді мекеннен осындай бекет құру жұмысы жоспарымызда бар, - деді жауапты маман.
Айта кетерлігі, жетуі қиын таулы жерлерге жеке құрамды алып бару үшін 10 өтімділігі жоғары техника, табиғи өрттерді сөндіру үшін 68 бірлік өтімділігі жоғары автоцистерна тағы дайындалған. Ранецті 139 өрт сөндіргіш, 1000 шақты хлопушка, сондай-ақ 7 бірлік "Турая", "Иридиум" спутниктік терминалдары да төтенше қызметке әзір көрінеді. Орман өртін дер кезінде анықтауға арналған 32 мұнара орнатылған екен өңірде. Мемлекеттік мекемелердің аумағына кіретін жерлерде қосымша 20 бақылау пункті бар.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында орман екпелері, темір және автомобиль жолдары бойында минералдандырылған жолақтарды жырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Республикалық маңызы бар 1 237 шақырым автожолдың 638 шақырымындағы, облыстық маңызы бар 1 943 шақырым автожолдың 712 шақырымындағы және 840 шақырым темір жолдың 104 шақырымындағы орман екпе ағаштары бар аймағы өртке қарсы жыртылатын болады, - деген Мақсат Әкімбаев күні кешеге дейін өңірдегі 35,1 гектар алқапта 9 жану оқиғасы орын алғанын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы