"Өрескел қателік жасады". Израиль Иранға қалай кек қайтармақ

2 Қазан 2024, 17:17
573
Бөлісу:
"Өрескел қателік жасады". Израиль Иранға қалай кек қайтармақ
Фото: Pixabay.com

Кеше Иран Израиль жеріне 200-ге зымыран ұшырды. Израиль әуе қорғанысы шабуылға тойтарыс берсе де, Тель-Авив пен Иерусалимде біраз нысандар күйреп, бірнеше адам зардап шекті. Енді ЦАХАЛ Иранға жауап қайтармақ. Осы тұста Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты позициясын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Таяу Шығыста не болып жатыр?

Кеше Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс одан әрі ушықты. Иран Израильді 180-нен астам зымыранмен атқылап, Тель-Авив пен Иерусалим сияқты қалаларға соққы жасады. Бұл операцияны Ислам революциясы сақшыларының корпусы ХАМАС көшбасшысы Исмаил Хания мен «Хезболла» басшысы Хасан Насралланың өлімі үшін кек алу мақсатында жасаған. Зымыран соққысынан қаладағы инфрақұрылым, соның ішінде мектеп пен мейрамханалар қирады. Терегаран егер Израиль кек қайтармақ болса, шабуыл «бұдан да жойқын» болатынын айтты.  

Әлеуметтік желіде зымырандардың Ираннан ұшып, Иордания аспаны арқылы Израиль аумағына түсіп жатқан видеолар көп таралды.

Егер Израиль жауап берсе, біз оған мың есе жойқын соққы береміз, - деп мәлімдеді Иран сақшыларының корпусы.

Иран Ислам революциясының сақшылар корпусы зымырандардың 90 пайызы Израильдегі нысандарға дәл тигенін хабарлады. Мұндай нысаналардың қатарында әуе базалары, радиолокациялық станциялар, сондай-ақ ХАМАС пен Хезболла сияқты радикалдық топтардың жоғары шенді мүшелерін өлтіруді көздейтін қауіпсіздік қызметтері бар.

Израиль тарапы Иран «мыңдаған бейбіт тұрғынды» өлтірмек болды деп мәлімдеді. Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниэль Хагаридің айтуынша, «ирандықтар бұл шабулының зардабын тартады». Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдің әуе қорғаныс жүйесінің арқасында Иранның жоспары толықтай іске аспағанын айтады. Нетаньяхудың мәлімдеуінше, Иран Израильге шабуыл жасап, «өрескел қателік» жасады, енді бұл әрекеті үшін жауап береді.

Израиль армиясының бас штабының басшысы Герци Халеви Израиль Иранға тосын жерден соққы жасайтынын мәлім етті.

АҚШ билігі не дейді?

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер елдерді Иранның шабуылын айыптауға шақырды. Миллердің айтуынша, АҚШ пен басқа да бірқатар серіктес мемлекеттер Израильге Иранның шабуылына тойтарыс беруге көмектескен. Пентагонның мәліметінше, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі эсминеці 1 қазан күні кешке Израильге қарай бет алған Иран зымырандарын атып түсірген.

Қақтығыс неден басталды?

Сәуірде Иран Израильге тікелей шабуыл жасап, 300-ден астам дрон мен зымыран жіберген еді. Сол кезде олардың 99 пайызы атылып түсірілді.  Бұл шабуылға Дамасктегі Иран консулдығы ғимаратына жасалған соққы түрткі болды. Оның салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының 7 мүшесі, оның ішінде Құдс күштерінің қолбасшысы генерал Мохаммад Реза Захеди мен генерал Мохаммад Хади Хаджи Рахими қаза тапты. Тегеран бұл оқиға үшін Израильді айыптап, бұрын-соңды болмаған кек әрекетін жариялады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің позициясы қандай?

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Біз барлық қатысушы тараптарды сабырлық танытып, бейбіт тұрғындардың қазасымен, өңірде кең ауқымды соғысқа айнлуы ықтимал жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Осыған байланысты келіспеушіліктерді реттеуді БҰҰ жарғысы және халықаралық құқық қағидаттары аясында тек саяси дипломатиялық жолмен жедел шаралар қабылдау маңызды, - дейді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Смадияров атағандай, Қазақстан халықаралық ахуалды тұрақтандыруға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды тұрақты қолдайды.

Өзгелердің жаңалығы