Ордалы жұртымыз отызға толды – Бекболат Тілеухан

16 Желтоқсан 2021, 09:48
1266
Бөлісу:
Ордалы жұртымыз отызға толды – Бекболат Тілеухан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тарихтың өлшемімен аса көп уақыт емес. Ал сын сағатта әр секунд айтуға келмейтін маңызға ие болатыны тағы бар. Осы заңдылықпен қарасақ, бұл отыз жылдың ғасырларға бергісіз белестерден тұрғанын аңдаймыз, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Парламент Мәжілісінің Бекболат Тілеухан.

Күні кеше тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрген. Тәуелсіздік туралы сол тәуелсіз елдің іргесін қалаған адамнан асырып ештеңе айта алмасымыз анық. Ендеше, арқамызды сол мақалада айтылған ойларға тіреп тұрып, сөзімізді сабақтасақ дейміз.

Бұрнағы тарихты, ел басынан өткен небір нығмет, небір нәубетті тізбелей келіп, Елбасы айтады: «Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты».

Тәуелсіз ел болу құжатқа қол қоюдан тұрмайды. Екі-ақ адамның бас құрап, бір шаңырақ астында тату өмір сүріп кетуінің өзіне «үйлену оңай, үй болу қиын» деп қобалжи қараймыз.

Оның қасында, орталықтан басқаны мойындамай үйреніп қалған, ию-қию түсінігі, бір-біріне қым-қиғаш құндылығы бар жаңа, жас мемлекеттің ел болып кету орайы тіпті қиын, тіпті күмәнді шаруаға баланғаны айтпаса да түсінікті.

Ұйыспайды деп еді. Ұлысты ұлтқа айналдық.

Сыйыспайды деп еді, сыйлаудың да, сыйлатудың да үлгісін таныттық.

Ел болмайды деген халық еңсе тіктеп, өзі түгіл өзге жұрттың елдігі үшін сөз айта алар жағдайға жетті.

Қанша айтылса да жалықтырмас шындықтар бар. Шекарамыз шегенделді. Тарихымыз түгенделіп жатыр. Тіліміз тұғырына шықты.

Елбасы мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының “Әлһамдүллә, алты миллион болдық” деген сөзін келтіріпті. Біз де қазір ауыз толтырып, «Құдайға шүкір, он тоғыз миллион болдық» деп мақтана алар халдеміз. Өз жерінде отырып үштен бірге түсіп кеткен қазақ, қазір 70 пайыздың үстіне шықты.

Біле білсек, осының бәрі – тәуелсіздікпен бірге келген нығметтер. Бірақ, тәуелсіздік бәрін бір сілтегенде жасайтын сиқырлы таяқша емес. Тәуелсіздік –жолашар құжат, қолға ұстаған құрал. Қадірін біліп, керегіңе жаратсаң ғана пайда бермек. Оның өміршеңдігі осындағы әрбіріміздің етер еңбек, төгер терімізге тәуелді.

Күрделі кезең артта дегенмен, жауапты кезең алда. Тәуелсіздігіміздің баяндығы, еліміздің берекесі жолында Нұрағаң салған нұрлы жолды мемлекет тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлы қасқа жолға ұластырып, бастай берсін.

Барша отандастарымды, қалың қазақты осынау ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Отбасымыздан ынтымақ-бірлік, құт-береке, ырыс-несібе кетпесін.

Ахаңнан, Ахмет Байтұрсынұлынан қалған бір тілеу-сөз бар. «Жаратқан Иеміз алаштың бағын ашып, ордалы жерде орынды, олжалы жерде үлесті қылғай!». Тәуелсіздік тойы құтты болсын!, - деп жазды Бекболат Тілеухан.

 

Өзгелердің жаңалығы