Ораза кезінде үйде отырыс өткізбеуді сұраймыз - елорданың бас санитар дәрігері

8 Сәуір 2021, 11:42
3093
Бөлісу:
Ораза кезінде үйде отырыс өткізбеуді сұраймыз  - елорданың бас санитар дәрігері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мұсылмандардың қасиетті ай Рамазан кезінде үйде қонақасы, ауызашар беру рәсімдерін өткізбеуді сұрады.

Рамазан айының мұсылмандар үшін қасиетті, қадірлі ай екенін, көпшіліктің ораза тұтатынын жақсы түсінеміз. Бұл мерекеге сыйластықпен қараймыз. Дегенмен қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығы мен сырқаттанушылардың күрт артуына байланысты жағдайды одан бетер ушықтырмау үшін отырыстарды тек отбасы ортасында өткізуді сұраймыз, - деді ол.

Оның айтуынша, 65 жастан асқан азаматтар әлі де қауіп тобында. 

Әлеуметтік қашықтықты сақтау мен жеке қорғаныш құралдарын пайдалану негізгі сақтық шараларның бірі болып қала береді. Күн жылынды деп босаңсуға себеп жоқ. Сақтық шараларын сақтау арқылы өзіңізді ғана емес, жақындарыңыздың да өмірі мен денсаулығына жауапкершілік танытатыныңызды ескеріңіз, - деді ол.

Бұған дейін ол қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екенін ескертіп, елорданың бір айдан бері "қызыл аймақта" тұрғанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы