Орал қаласында былтыр көпқабатты үй ауласында өртеніп кеткен 8 жастағы Артемнің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Қонаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
«Мой город» басылымының хабарлауынша, сол кезде жазғы демалысқа әжесінің үйіне келген бала достарымен далада ойнауға шыққан. Арада бірнеше сағат өткен соң ол ауыр күйікпен үйге оралған. Анасының айтуынша, баланың денесінің 96 пайызы күйіп қалған. Артем есін жоғалтпағанымен, өзін кім өртегенін нақты айта алмаған.
Марқұм баланың анасы Мұхаббат Пардаеваның сөзінше, тергеу барысында құқық қорғау органдары тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеген. Оның айтуынша, мектеп пен дүкендегі бейнебақылау жазбаларын отбасы өз күшімен жинаған. Ал кейбір маңызды жазбалар уақытында алынбағандықтан өшіп кеткен.
«Бізге тек үзінді кадрларды көрсетті. Ең маңызды сәттер мүлде болмады. Менің ойымша, полиция бұл іспен толыққанды айналысқан жоқ», — дейді баланың анасы.
Оның айтуынша, іс 2026 жылдың ақпан айында тоқтатылған. Отбасы трагедияға кәмелетке толмағандардың қатысы болғанын айтқанымен, ешкім жауапкершілікке тартылмаған.
Әділдік іздеген отбасы кейін әлеуметтік желіде үндеу жариялаған. Алайда, ата-анасының айтуынша, осыдан кейін баланың әкесіне қатысты полицияға шағым түсіп, отбасы адвокат жалдауға мәжбүр болған.
БҚО Полиция департаменті іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, ҚР ҚІЖК-нің 35-бабы негізінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.