Оралдық Алтынай Құсайынованың баласын бұралқы иттер қауып алған. Содан бері баланың жағдайы да, денсаулығы да күрт нашарлап кеткен. Қазір Алтынай ханымның айтуынша, балаға мүгедектік те берілмеген. BAQ.KZ тілшісі Алтынай Құсайыновамен байланысып, оқиғаның мән-жайын біліп, баласының қазіргі жағдайы туралы сұрады.
Оқиға қалай болған?
Оқиға екі жыл бұрын Орал қаласында болған. Ол кезде бала 13 жаста еді.
Бастапқыда баламды көлік қағып кетті. Ол кезде қабырғасына зақым келді. Алты айдан кейін балам мектеп ауласынан шығып келе жатқан кезде иесі бар ит жүгіріп, аяғынан құлатып, 15 шақты ит баламды қапты. Сол сәтте баламның аяғы екі жерінен сынған. Одан бері үш рет ота жасалды. Қазір баламның жағдайы аса жақсы емес. Бірақ бұрынғыдан шүкір, - дейді анасы.
Фото: Алтынай Құсайынова ұсынған
Алтынайдың сөзінше, кейде баласының мінезінде ауытқу белгілері байқалады. Бұл баланың қорқып қалғанынан болуы мүмкін дейді ол. Алтынай баласын психологтарға да апарған.
Кейде өз-өзінен сөйлеп кетеді. Қазір аяғын сілтеп басады. Аяғы көгеріп кетеді, - дейді жабыққан ана.
Алтынай Құсайынова оқиға болған сәтте учаскелік полицейді де, ит аулағыштарды да шақырған.
Мен қайта-қайта арыз жазғандықтан иттердің иесі жануарларды басқа жаққа алып кеткен. Артынша маған “нақты менің иттерім балаңызды қапқанын дәлелдеңізші” деді. Содан кейін істі жауып тастап, қараусыз қалды. Сараптама да жасатпады. Балам отадан шыққанша иттерді басқа жаққа апарып тастаған екен. Баламның денсаулығы иттер қапқаннан кейін нашарлап кетті. Оған дейін жүгіріп жүрген, 13 жасар балам еді, - дейді ол.
Ананың сөзінше, қазіргі таңда баласы мектепке бармайды. Мұғалімдер үйге келіп оқытады.
Балам сөйлеп, өзі жүреді. Бірақ көп жүрсе аяғы ісініп, шаршап қалады, - дейді ол.
Фото: Алтынай Құсайынова ұсынған
Иттер әлі толып жүр
Алтынайдың айтуынша, қазіргі уақытта да мектеп ауласында иттер толып жүреді.
Әлі күнге дейін иттер толып жүр. Шара қолданамыз дейді. Ит көбеймесе азаймаған. Бала түгілі өзімізге де шабады. Бізден бөлек зардап шеккендер де бар. Ит қауып алғандар бар. Көп ата-ана шағым жасайды. Мен депутат Еділ Жаңбыршинге шағымданып, осы проблеманы жеткіздім. Зардап шеккендер өте көп, - дейді Алтынай.
Алтынай қазіргі уақытта баласына мүгедектік статусын беру мәселесі шешілсе екен дейді.
Балама мүгедектік әлі берілген жоқ. Түрлі дәрігерге барамын. Өзім жалғызбасты анамын. Жеті адамды асырап отырмын. Жолдасым он жыл бұрын өмірден өтті. Жағдайым не дәрі алуға, не баламды киіндіруге келмей қалады, не пәтеріме жетпей қалады. Егер балама мүгедектік берілсе, дәрісін болса да алып берер едім, - деп қынжылады Алтынай.
Бұған дейін Ақмола облысының Қосшы қаласында да ит әйелді талап тастаған болатын. Одан бөлек, ақпан айында Алматы облысында он шақты ит әйелге тап берген. Ал жақында Көкшетауда жүкті әйелді қаңғыбас иттер қауып алды.
Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқанын жаздық. Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен.
Бүгінде Мәжілісте бұралқы иттерге қатысты заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда бұралқы иттерді кемінде 5 күн ұстау ұсынды.
Сондай-ақ депутаттар қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап етті.