Парсы шығанағында АҚШ пен Иран күштері арасында кезекті соққы алмасу болып, тараптар арасындағы атысты тоқтату режимінің тұрақтылығы тағы да күмән тудырды. Бұл туралы ВВС арнасы жариялады.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (Centcom) мәліметінше, американдық күштер Иран тарапынан ұшырылған төрт «біржақты шабуыл дронының» жойылғанын хабарлады. Дрондар Ормуз бұғазы бағытында ұшырылып, аймақтағы теңіз қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген.
Осыған жауап ретінде АҚШ күштері Иранның дрон және радиолокациялық нысандарына соққы жасаған. Тегеран бұл әрекетті екі ел арасындағы атысты тоқтату келісімін «өрескел бұзу» деп бағалады.
Иран тарапы Кувейттегі АҚШ әскери базаларына және Бахрейндегі әскери нысандарға баллистикалық зымырандар атқанын хабарлады. Алайда Бахрейн мен Кувейт билігі шабуылдардың басым бөлігі тойтарылғанын мәлімдеді.
Centcom дерегінше, атылған жеті зымыранның алтауы әуеде жойылып, біреуі нысанаға жетпеген.
Парсы шығанағындағы бірнеше мемлекет, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар, шабуылдарды айыптап, аймақтық қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді.
Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ соққыларын халықаралық құқықты және БҰҰ Жарғысын бұзу деп атап, ел егемендігіне қол сұғу ретінде бағалады.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы (КСИР) жауап ретінде АҚШ нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді.
Қақтығыстар АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату келісімін тұрақсыз күйде қалдырып, аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтті.