Қызылорда облысында жоғалып кеткен 6 жастағы Медина Мұратбекқызын іздеу жұмыстары екінші тәулікке ұласты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметі бүлдіршінді табу үшін барлық күш пен техниканы жұмылдырған.
Полицияның мәліметінше, Медина 5 маусым күні шамамен сағат 18:30-да Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің жағалауына жақын орналасқан «Рисмаш» ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Жоғалған кезде қыз баланың үстінде гүлдің суреті бейнеленген ашық жасыл түсті футболка, ақ түсті шолақ шалбар және көк түсті аяқкиім болған.
Іздеу-құтқару жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар мамандары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, еріктілер, туыстары мен жергілікті тұрғындар тартылған. Мамандар іздеу жұмыстарын бірнеше бағытта жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатыр. Құзырлы органдар Мединаға қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды дереу полицияға хабарласуға шақырды.
Бүлдіршіннің тағдырына алаңдаған өңір тұрғындары да әлеуметтік желілерде ақпарат таратып, іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуде.