ОПЕК+ мұнай нарығының бағытын айқындайды: 7 маусымдағы кездесуден Қазақстан не күтеді?

Сарапшылар ОПЕК+ шешімі Қазақстанның бюджетіне, теңгеге, инфляцияға және жанармай нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:07
Бүгiн 2026, 17:07
209
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

7 маусымда ОПЕК+ елдері мұнай нарығындағы жағдайды, өндіріс квоталарын және қатысушы мемлекеттердің міндеттемелерді орындау деңгейін қайта талқылайды. Қазақстан үшін бұл шешім жаздағы негізгі экономикалық факторлардың біріне айналуы мүмкін. Өйткені мұнайдан түсетін табысқа қатысты болжамдар, теңге бағамы, бюджет жағдайы, инфляция және ішкі жанармай нарығы осы шешімге тікелей байланысты. Қымбат мұнай, геосаяси шиеленіс және Ормуз бұғазы төңірегіндегі тәуекелдер күшейген тұста BAQ.KZ тілшісі ең ықтимал сценарийлерді, олардың Қазақстанға қаншалықты тиімді екенін және Brent бағасының жоғары болуы неге ел алдындағы басты мәселе – ОПЕК+ аясындағы квоталарды сақтау міндетін – күн тәртібінен алып тастамайтынын саралады.

ОПЕК+ отырысы қарсаңында не болып жатыр?

Reuters мәліметінше, ОПЕК+ құрамындағы жеті мемлекет – Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман шілде айына арналған мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыру мәселесін келісуі мүмкін. Бұл бұған дейін ерікті қысқартулар аясында шектелген өндіріс көлемінің бір бөлігін нарыққа біртіндеп қайтару саясатының жалғасы болмақ.

Бір қарағанда, өндіріс көлемінің артуы бағаға қысым түсіруі керек. Өйткені нарыққа мұнай көп шыққан сайын тапшылық қаупі азаяды. Алайда қазіргі жағдай бұдан әлдеқайда күрделі. Нарық тек ОПЕК+ квоталарына ғана емес, геосаяси ахуалға, жеткізілім тұрақтылығына, қор көлеміне, Қытай мен Еуропадағы сұранысқа, доллар бағамына және Ормуз бұғазы маңындағы тәуекелдерге де назар аударады.

Сондықтан квоталардың ұлғаюы міндетті түрде бағаның күрт төмендеуіне әкелмейді. Нарықтағы алаңдаушылық әлі де сақталып отыр: Таяу Шығыстағы жағдайдың кез келген ушығуы мұнай бағасын қайта көтеруі мүмкін. Бұдан бөлек, қазіргі таңда ОПЕК+ шешімдерінің бір бөлігі көбіне бағыт-бағдар беретін сипатқа ие. Өйткені қағаз жүзінде квота өскенімен, нақты жеткізілім инфрақұрылымға, логистикаға және елдердің өндірісті іс жүзінде қаншалықты арттыра алатынына байланысты.

«Квоталарды ұлғайтуға қатысты шешім шығуы мүмкін»

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, 7 маусымдағы кездесудің негізгі сценарийі – квоталарды арттыру.

ОПЕК+ 7 маусымда квоталарды ұлғайту туралы шешім қабылдауы әбден мүмкін. Яғни мұнай өндіру көлемін арттыруға жол ашылады. Меніңше, мұндай жағдайда өндіріс көлемі көбейсе де, АҚШ, Иран және Израиль арасындағы Ормуз бұғазына қатысты шиеленіс нарыққа әсерін сақтап, бағаны әдеттегіден жоғары әрі құбылмалы деңгейде ұстап тұрады, – деді ол.

Оның айтуынша, геосаяси шиеленіс сақталса, өндіріс көлемі артқан күннің өзінде мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде қалуы мүмкін. Сарапшы пікірінше, Қазақстан үшін барреліне 70 доллардан жоғары кез келген баға қолайлы.

Біз үшін 70 доллардан жоғары кез келген сценарий тиімді. Қазақстан бюджеті үшін барреліне 70–75 доллар аралығы – өте жақсы көрсеткіш. Қазір біз бұл деңгейден әлдеқайда жоғары тұрмыз. Біздегі мәселе тек табыстың көлемінде емес, оны дұрыс бөлуде, – деді Рысмамбетов.

Бұл маңызды тұжырым. Өйткені қымбат мұнай барлық бюджеттік мәселені автоматты түрде шешпейді. Қазақстан экспорттан көбірек табыс тапқанымен, мұнай кірісінің бір бөлігі Ұлттық қорға түседі. Бұдан бөлек, жалпы әсер теңге бағамына, өндіріс көлеміне, салық базасына және келісімшарт құрылымына да байланысты.

Қазақстан үшін қымбат мұнай тиімді, бірақ тәртіп мәселесі де бар

Қазақстан үшін мұнай бағасының жоғары болуы, сөзсіз, пайдалы. Мұнай елдің негізгі экспорттық тауарларының бірі болып қала береді. Демек, ол төлем балансына, Ұлттық қорға түсетін қаражатқа және бизнес күтулеріне тікелей әсер етеді.

Алайда ОПЕК+ аясында Қазақстан біраз жылдан бері күрделі жағдайда қалып отыр. Ел бірнеше рет белгіленген квотадан асып кетіп, мұны ірі жобалардың ерекшелігімен және инвесторлар алдындағы міндеттемелермен түсіндіріп келеді. Әсіресе Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобалары маңызды рөл атқарады. Бұл жобалар халықаралық компаниялармен жасалған ірі келісімдер аясында жұмыс істейді және олардың өндірістік жоспарларын альянс шешімдеріне бейімдеу әрдайым оңай емес.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов кездесудің ең ықтимал қорытындысы ымыралы шешім болады деп есептейді.

Ең ықтимал нұсқа – қосымша көлемдерді нарыққа біртіндеп қайтару және өтем тетігі мен тәртіпке басымдық беру. Қазір ОПЕК+ үшін бағаны күрт түсіру тиімсіз. Бірақ өндірісті толық тоқтатып қою да қиын. Өйткені бірқатар елдерде бюджет, инвесторлар және ішкі өндірістік жоспарлар тарапынан қысым бар, – деді ол.

Исмаиловтың айтуынша, Қазақстан үшін негізгі мәселе тек өндірістің жалпы көлемі емес, ОПЕК+ ұйымының квотадан асып кетуге және өтем кестесінің орындалуына қалай қарайтыны.

Қазақстан квоталарды орындай алар еді, себебі Қашаған жобасында күрделі жөндеу жоспарланған болатын және бұл өндіріс көлемін азайтар еді. Бірақ жөндеу келесі жылға ауыстырылды. Демек, Қазақстан тағы да өз міндеттемелерін толық орындай алмау қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Басты сұрақ – ОПЕК+ квотадан асып кетуге және өтем кестесінің орындалуына қалай жауап береді, – деді сарапшы.

Басқаша айтқанда, Қазақстан үшін 7 маусымдағы кездесу тек жоғарырақ квота алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге альянс ішіндегі тәртіпке қатысты маңызды сынақ болмақ.

Мұнай бағасы қалай өзгеруі мүмкін?

Қазір нарықта үш негізгі сценарий қарастырылып отыр.

Бірінші сценарий – квоталарды біртіндеп арттыру. Бұл ең ықтимал нұсқа саналады. Мұндай жағдайда Brent бағасы кең диапазонда сақталуы мүмкін, ал нарық елдердің жеткізілім көлемін шын мәнінде қаншалықты арттыра алатынын бақылап отырады. Егер геосаяси тәуекелдер сақталса, баға өндірушілер үшін қолайлы деңгейден жоғары болуы ықтимал.

Екінші сценарий – өндірісті анағұрлым қарқынды ұлғайту. Бұл жағдайда Brent бағасына төмендеу қысымы түсуі мүмкін, әсіресе Қытай мен Еуропадағы сұраныс күткеннен әлсіз болса. Алайда нарық геосаяси тәуекелдерді ескеруді жалғастырса, бағаның күрт құлдырауы болмауы да мүмкін.

Үшінші сценарий – үзіліс жасау немесе тәртіпке қатысты қатаң ұстаным білдіру. Егер ОПЕК+ жеткізілім тәуекелдеріне байланысты өндірісті арттыруға асықпаса, мұнай бағасы қайтадан 100 долларға немесе одан жоғары деңгейге жақындауы мүмкін.

Асқар Исмаиловтың пікірінше, нарыққа қосымша көлемдер қайтарылса, Brent бағасына қысым түсуі ықтимал, бірақ бұл автоматты түрде баға төмендейді деген сөз емес.

Егер ОПЕК+ нарыққа қосымша көлемдерді қайтарса, Brent бағасына қысым түсуі мүмкін. Әсіресе Қытай мен Еуропадағы сұраныс күткеннен әлсіз болса. Бірақ баға автоматты түрде төмендемейді. Нарық тек ОПЕК+ шешіміне ғана емес, геосаясатқа, санкцияларға, логистикаға, қор көлеміне және доллар бағамына да қарайды. Жалпы алғанда, мен бағаның кеңірек диапазонда құбылып, нарықтағы тұрақсыздықтың артуын күтер едім, – деді ол.

Оның айтуынша, өндірісті күрт арттыру Brent бағасын өндірушілер үшін қолайлы деңгейден төмен түсіруі мүмкін. Ал қалыпты сценарий кезінде нарық қосымша көлемдерді сіңіре алады.

Қазақстан үшін қай сценарий тиімді?

Қазақстан үшін кез келген жолмен өндірісті барынша көбейту емес, басқарылатын сценарий тиімдірек. Ел үшін квоталардың ірі жобаларды толық қуатында жүргізуге мүмкіндік беруі маңызды, бірақ бұл әлемдік бағаның құлдырауына әкелмеуі тиіс.

Қазақстан үшін ең тиімді сценарий – ОПЕК+-пен қатаң текетіреске бармай, квоталарды біртіндеп ұлғайту. Кеңейту жұмыстарынан кейін Теңіз жобасына тұрақты жүктеме қажет. Қашаған мен Қарашығанақтағы мұнайдың бәрі өнім бөлісу туралы келісім аясында экспортталады. Қазақстан үшін Brent бағасының күрт төмендеуі де тиімсіз. Сондықтан ең оңтайлы нұсқа – өтем кестесі нақты белгіленген, басқарылатын квота өсімі, – деп есептейді Исмаилов.

Бұл шынымен де ең қолайлы сценарийге ұқсайды. Егер квоталар біртіндеп өссе, Қазақстан өндіріс көлемін арттыруға көбірек мүмкіндік алады. Ал Brent бағасы барреліне 70–75 доллардан жоғары сақталса, бюджет пен төлем балансына қолдау жалғасады.

Бірақ ел міндеттемелерді жүйелі түрде орындамайтын қатысушы ретінде қабылдана берсе, серіктестер тарапынан қысым күшеюі мүмкін.

Тәуекел әлі де бар. Қазақстан ОПЕК+ ішінде квоталарды орындау мәселесі созылмалы сипат алған ел ретінде қабылданып үлгерді. ОПЕК+ үшін тәртіп маңызды. Егер Қазақстан тағы да квотадан асып кетсе немесе өтем кестесін орындамаса, қысым күшейеді. Бұл саяси қысым, ашық сын немесе алдағы айларда қатаңырақ өтем талап ету түрінде болуы мүмкін, – деді Исмаилов.

Бұл бюджетке қалай әсер етеді?

Қазақстан бюджеті үшін барреліне 70 доллардан жоғары баға қолайлы деңгей саналады. Қазіргі бағалар жағдайында ел анағұрлым тиімді аймақта тұр. Алайда бюджеттің мұнайға тәуелділігін тым қарапайым түсіндіруге болмайды.

Мұнай бағасының жоғары болуы валюталық түсімді арттырады, Ұлттық қорға қатысты күтулерді жақсартады және сыртқы теңгерімге түсетін қысымды азайтады. Бірақ бюджетке әсер ететін жалғыз фактор Brent бағасы емес. Мұнда нақты қанша мұнай өндіріліп, экспортталатыны, теңге бағамы қандай болатыны, салық түсімдерінің қалай бөлінетіні және табыстың қандай бөлігі Ұлттық қорға түсетіні де маңызды рөл атқарады.

Расул Рысмамбетовтің айтуынша, Қазақстандағы мәселе көбіне табыстың көлемінде емес, оны тиімді бөлуде жатыр.

Біздегі мәселе табыстың аздығында емес, оны дұрыс бөлуде. Егер ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырып, мұнай арзандай бастаса, мұны бірінші болып бюджет сезінеді. Кейін қор нарықтары әсерін көреді, ал Ұлттық қор бұдан кейін ғана ықпалын байқайды, – деді сарапшы.

Бұл үкімет үшін қымбат мұнайды тұрақты табыс көзі ретінде қабылдамау керек дегенді білдіреді. Егер баға геосаяси жағдайдың әсерінен жоғары болып тұрса, бұл – уақытша артықшылық. Ол шиеленіс бәсеңдесе немесе сұраныс әлсіресе, тез жоғалуы мүмкін. Сондықтан қосымша кірістерді тұрақты шығындарды ұлғайтуға емес, бюджет тапшылығын азайтуға, резервтерді толықтыруға және бюджеттің тұрақтылығын күшейтуге бағыттау орындырақ.

Теңгеге қалай әсер етеді?

Бір қарағанда, мұнайдың қымбаттауы теңгені нығайтуы керек. Бірақ соңғы жылдары мұнай бағасы мен валюта бағамы арасындағы байланыс әлдеқайда әлсіз бола бастады. Валюта нарығына экспорттық табыс қана емес, Ұлттық қор операциялары, импорттаушылардың валютаға сұранысы, инвесторлардың әрекеті, кэрри-трейд, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға салған қаржысы және дамушы нарықтардағы жалпы көңіл күй де әсер етеді.

Расул Рысмамбетов те теңге бағамын тек мұнаймен байланыстыру дұрыс емес деп есептейді.

– Теңге тек мұнайға байланысты емес, өйткені басқа факторлар да бар. Бұл – кэрри-трейд, шетелдік инвесторлардың біздің қор нарығына және мемлекеттік бағалы қағаздарға келуі. Мұның бәрі де айтарлықтай ықпал етеді. Әрине, мұнай бағасы жоғары болса, бұл нарықты қолдайды. Бірақ қақтығыс ушыға қоймаса да, нарық әлсіреуге дайындала беруі мүмкін, – деді ол.

Яғни мұнайдың қымбат болуы теңгені қолдайды, бірақ оның нығаюына кепілдік бермейді. Егер инвесторлар теңгелік активтерден шыға бастаса, импортқа сұраныс өссе немесе Ұлттық банк валюта операцияларының көлемін өзгертсе, бағам мұнай бағасына қарамастан өзгеруі мүмкін.

Бензин қымбаттай ма?

Халықты алаңдататын басты сұрақтардың бірі – ОПЕК+ шешімі Қазақстандағы бензин мен дизель бағасына әсер ете ме деген мәселе. Бұл жерде сарапшылардың пікірі бір жерден шығады: тікелей байланыс жоқ.

Асқар Исмаиловтың пікірінше, ішкі жанармай бағасына әсер шектеулі болады.

Қазақстанда бензин мен дизель бағасына айтарлықтай әсер болмайды. Өйткені ішкі нарық белгілі бір деңгейде реттеледі. Бағалар мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесіне, жөндеу жұмыстарына, логистикаға, қор көлеміне, импортқа, акциздерге және мемлекеттің шешімдеріне байланысты қалыптасады. ОПЕК+ Қазақстанның жанармай нарығына тікелей емес, өндіріс, өңдеу экономикасы және бюджетке қатысты күтулер арқылы әсер етеді, – деді ол.

Расул Рысмамбетов те әлемдік мұнай бағасының өсуі жанармай арқылы инфляцияны міндетті түрде үдетпейді деп есептейді.

Меніңше, егер бұл дүрліктіретін өсім емес, қалыпты өсім болса, ондай әсер болмайды. Бізде жанармай жеткілікті, логистика мәселесі де бақылауда. Импорт сәл қымбаттауы мүмкін, бірақ бұл – екінші деңгейлі факторлар. Қазір негізгі факторлар Қазақстанның өз ішінде жатыр, – деді сарапшы.

Бұл маңызды ескерту. Егер мұнай бағасы күрт секірмей, бірқалыпты өссе, ішкі бағалар да оған бірден жауап бермеуі мүмкін. Бірақ өсім валюта бағамының құбылуымен, жеткізілімдегі іркілістермен, мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарымен немесе жекелеген отын түрлерінің тапшылығымен қатар жүрсе, бағаға қысым күшеюі ықтимал.

Инфляция: қымбат мұнай неге әрдайым теріс фактор емес?

Импортқа тәуелді елдер үшін қымбат мұнай көбіне инфляцияның күшеюін білдіреді: жанармай, көлік, логистика және тауар бағасы өседі. Қазақстан үшін жағдай күрделірек. Бір жағынан, әлемдік бағаның өсуі кейбір шығындарды арттыруы мүмкін. Екінші жағынан, қымбат мұнай экспорттық кірісті және теңгені қолдайды, демек импорттық инфляцияны тежеуге көмектеседі.

Егер мұнай бағасы тым қатты төмендесе, теңге әлсіреуі мүмкін. Мұндай жағдайда импорттық тауарлар қымбаттап, инфляция валюта бағамы арқылы үдей түседі. Сондықтан Қазақстан үшін орташа деңгейден жоғары мұнай бағасы тым төмен бағадан гөрі қолайлырақ болуы мүмкін.

Рысмамбетовтің пікірінше, 2026 жылдың екінші жартысында инфляциялық қысым ОПЕК+ шешіміне қарамастан сақталуы мүмкін. Әсіресе экономика нарықтық бағаларға көшу бағытын жалғастырса.

Егер базалық мөлшерлеме төмендейтін болса, жыл екінші жартысында инфляция аздап үдеуі мүмкін. Қазір ең маңыздысы – экономиканы ырықтандыру. Егер бағалар нарық қағидаларына жақындай бастаса, бұл жалпы нарықтағы бағаның өсуіне алып келеді. Сондықтан инфляция жеделдеуі мүмкін және бұған дайын болу керек, – деп есептейді ол.

Қазақстан экономикасы үшін үш сценарий

Егер мұнай бағасы өссе, Қазақстан үшін бұл жағымды сценарий: экспорттық кіріс көбейеді, Ұлттық қор мен төлем балансы қолдау табады, бюджетке түсетін қысым азаяды. Бірақ геосаяси факторлардың әсерінен тым күрт өсу әлемдік инфляцияны күшейтіп, логистикаға қосымша тәуекелдер туғызуы мүмкін.

Егер мұнай арзандаса, Қазақстан экспорттан аз табыс табады, бюджет қысымды сезінеді, ал теңге әлсіреуі ықтимал. Мұндай жағдайда импорттық инфляция қаупі күшейіп, ақша-несие саясаты қатаңдауы мүмкін.

Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейде сақталса, Қазақстан үшін ең теңгерімді нұсқа осы болады: баға бюджетке қолайлы деңгейде қалады, бірақ әлемдік экономика үшін қатты күйзеліс тудырмайды.

Мұнай бағасы өссе, бұл біз үшін жақсы. Түссе жаман. Ал қазіргі диапазонда өзімізді қалыпты сезініп отырмыз, – деп түйіндеді Рысмамбетов.

Басты тәуекел – баға емес, саясаттың тұрақтылығы

7 маусымдағы ОПЕК+ шешімі, ең ықтимал сценарий бойынша, нарық үшін күтпеген соққы болмайды. Көбірек ықтимал нұсқа – тәртіп пен өтем тетіктеріне басымдық бере отырып, квоталарды біртіндеп арттыру. Қазақстан үшін бұл жалпы алғанда тиімді: ел мұнай қымбат болып тұрған кезеңде өндіріс көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие болады.

Алайда бұл артықшылықтың артында маңызды шарт бар. Қазақстан тек өндірісті арттырып қана қоймай, ОПЕК+ ішіндегі сенімді де сақтауы керек. Егер ел қайтадан квотадан асып кетіп, өтем кестесін орындамаса, серіктестер тарапынан қысым күшеюі мүмкін.

Ішкі экономика тұрғысынан да қорытынды біржақты емес. Қымбат мұнай бюджет пен теңгені қолдайды, бірақ инфляция, тапшылық және шикізаттық кіріске тәуелділік мәселесін автоматты түрде шешпейді. Оның үстіне, қосымша мұнай табысы тұрақты ресурс ретінде қабылданса, болашақтағы бюджеттік тәуекелдер артуы ықтимал.

Сондықтан 7 маусымнан кейін Қазақстан үшін басты сұрақ «мұнай қымбаттай ма, әлде арзандай ма?» деген мәселе емес. Негізгі сұрақ – ел қымбат мұнайды қысқа мерзімді жеңілдік құралы емес, тұрақты макроэкономикалық саясат жүргізу мүмкіндігі ретінде пайдалана ала ма?

ОПЕК+ Қазақстанға қосымша мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ сол мүмкіндікті тұрақтылыққа айналдыру – енді ішкі экономикалық саясаттың міндеті.

Наверх