14 тамыздағы Қазақстанның оңтүстік энергетикалық аймағында болған апаттық жағдай елдің электр энергетикасы жүйесіне үлкен сынақ болды. Сала мамандарының айтуынша, ауқымды өшірулерге қарамастан, энергетиктер жүйенің жұмысын қысқа мерзімде қалыпқа келтіре алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов редакцияға берген пікірінде мұндай жағдайда ең ауыр жүктеме диспетчерлерге, инженерлерге және апаттық-қалпына келтіру бригадаларына түсетінін айтты.
Темірхановтың пікірінше, енді мамандар апаттың нақты себептерін жан-жақты талдап, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті шараларды анықтауы тиіс.
Апатқа не себеп болды?
Energy Monitor телеграм-арнасының авторы, энергетика саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, 14 тамыздағы оқиға Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйесінен келетін электр ағынының күрт өзгеруінен кейін болған. Соның салдарынан апатқа қарсы автоматты қорғаныс жүйесі іске қосылып, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын үш жоғары вольтты 500 кВ электр желісі ажыратылған.
Сарапшы Қазақстанның электр жүйесі шартты түрде Солтүстік және Оңтүстік аймақтарға бөлінетінін еске салды. Солтүстік өңірде электр энергиясы артығымен өндірілсе, оңтүстікте керісінше тапшылық байқалады.
Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын 500 кВ желілер осы тапшылықты өтеу үшін жұмыс істейді. Қазір олардың жүктемесі өте жоғары. 14 тамызда ажыратылған да дәл осы магистральдық желілер болды, – дейді Жұмағұлов.
Қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
Сарапшының айтуынша, KEGOC қазіргі таңда Солтүстік–Оңтүстік бағытындағы электр тасымалының сенімділігін арттыру үшін бірнеше ірі жобаны іске асырып жатыр.
Олардың қатарында:
- «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» бағыттарында жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын жаңа 500 кВ электр желілерін салу;
- 2021–2031 жылдарға арналған 220–500 кВ желілерін жаңғырту және күрделі жөндеу бағдарламасы;
- Солтүстіктен Оңтүстікке электр энергиясын тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін тұрақты ток желісі жобасы бар.
Бұдан бөлек, ұзындығы 600 шақырымнан асатын «Өлке – Қарабатан» 500 кВ электр желісі салынып жатыр. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін Батыс Қазақстан аймағы да республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесімен толық байланысады.
Оңтүстіктегі тапшылықты қалай жояды?
Жұмағұловтың сөзінше, мәселенің түпкі себебі – оңтүстік өңірдегі генерация қуатының жеткіліксіздігі. Сондықтан жаңа электр станцияларын іске қосу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.
2026 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған нысандар:
- Алматы ЖЭО-2 базасындағы бу-газ қондырғысы – 557 МВт;
- Түркістандағы бу-газ электр станциясы – 926 МВт;
- Қызылордадағы Aksa Energy Qyzylorda станциясы – 240 МВт;
- Алматы ЖЭО-3 базасындағы бу-газ қондырғысы – 544 МВт.
Бұл жобалардың барлығы Қазақстанның электр энергетикасын 2035 жылға дейін дамыту жоспарына енгізілген. Сарапшы жаңа генерация көздері мен жаңа электр желілері іске қосылғанға дейін оңтүстік өңірдегі энергетикалық жүйе жоғары жүктемемен жұмыс істеуді жалғастыратынын атап өтті.
Еске салайық, 14 тамызда Алматы мен Алматы облысының бір бөлігі жарықсыз қалған болатын. Энергетика министрлігі не себеп болғанын түсіндірген еді. Ведомство мәліметінше, Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруіне байланысты Қазақстанның энергожүйесінде қуаттың кенет ауытқуы тіркелген.