Энергетика министрлігі өңірлердегі жарықтың өшу себебін түсіндірді

Электр энергиясының үзілуіне Орталық Азия энергожүйесі тарапынан қуат ағынының күрт өзгеруі себеп болған.

14 Тамыз 2026, 17:01
АВТОР
 Depositphotos.com 14 Тамыз 2026, 17:01
14 Тамыз 2026, 17:01
155
Фото: Depositphotos.com

Энергетика министрлігі 14 тамызда еліміздің бірқатар өңірінде электр энергиясының уақытша өшуіне не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруіне байланысты Қазақстанның энергожүйесінде қуаттың кенет ауытқуы тіркелген.

2026 жылғы 14 тамызда Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруінен энергожүйеде қуаттың кенет артуы болды. Соның салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылып, Қазақстанның кейбір өңірлерінде бірқатар тұтынушы электр энергиясынан ажыратылды, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Қазіргі уақытта жүйелік оператор – «KEGOC» АҚ электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бірқатар өңірде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, – деп атап өтті министрлік.

Ведомство жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру барысы туралы қосымша ақпарат кейінірек беріледі, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 500 кВ кернеулі үш электр беру желісінің апаттық жағдайда ажырауына байланысты апатқа қарсы автоматика іске қосылғаны хабарланған еді. Нәтижесінде 300 МВт көлеміндегі жүктеме ажыратылған.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, электр энергиясының өшуі 14 тамыз күні сағат 14:38-де болған.

«KEGOC» АҚ-ға тиесілі 500 кВ Л-5400, Л-5300 және Л-5320 әуе электр беру желілерінің апаттық ажыратылуы салдарынан «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматика іске қосылды. Соның нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар тұтынушы электр энергиясынан ажыратылды, – деп хабарлады компания.

Қай аудандар жарықсыз қалды?

Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарындағы тұтынушылардың бір бөлігі электр энергиясынсыз қалды.

Ал Алматы қаласында жарықтың өшуі Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарын қамтыды.

Электр энергиясы қашан қалпына келеді?

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары тұтынушыларды электрмен қайта қамту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Компания мамандары электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, – делінген хабарламада.

Үш электр беру желісінің нақты қандай себеппен апаттық жағдайда ажыратылғаны әзірге нақтыланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мен Алматы облысының бір бөлігі жарықсыз қалғаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

Қырғызстанда да электр жарығына қатысты тұрғындар шағымданып жатыр

Наверх