Өңдеу орталығы мен университет келісімге қол қойды

4 Қараша 2020, 20:33
1662
Бөлісу:
Өңдеу орталығы мен университет келісімге қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен  өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. 

Меморандумның мақсаты өзара қызығушылықты білдіретін салаларда ғылыми-зерттеу жүргізу, сондай-ақ жоғарғы білікті кадрлар даярлау саласында бірлескен қызметін жүзеге асыру.

ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры Абдрасул Жарменов өзінің кіріспе сөзінде ғылымды сала ретінде реформалау жөніндегі іс-шаралар шеңберіндегі басым міндеттердің бірі ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру болып табылатынын, өйткені жас ғалымдар ғылымды дамытудың қозғаушы күші және инновациялық экономиканың кадрлық әлеуетін құрайтынын атап өтті. Олардың қызметінің нәтижелері зерттеу жүргізу, тұжырымдау қабілетіне және олардың жұмысының тәжірибелік маңыздылығын нақты түсінуге байланысты. Бұл сипаттамаларды қалыптастыруда көп компонентті процесс болып табылатын жоғары оқу орнындағы дайындық үлкен рөл атқарады.

Қазіргі уақытта ЖОО-да 2 ҒЗИ, оның ішінде 7 ғылыми-зерттеу орталығы, 15 ғылыми зертхана, кафедрааралық ғылыми кешендер, тәжірибелік-өндірістік кешен, технологиялық бизнес-инкубатор, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кеңсесі, жаңа технологиялар бөлімі, талдамалық зерттеулер орталығы, кәсіпкерлік және әріптестік орталығы, сондай-ақ жобалау-конструкторлық бюро бар. Сонымен қатар университетте "Конструкциялық және биохимиялық материалдар" инженерлік бейіндегі аймақтық сынақ зертханасы және "Сапа" сынақ орталығы жұмыс істейді.

Университеттегі түрлі бағдарламалар бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі 1 млрд теңгеден асады. Университетте РҒДИ мәліметтер базасына кіретін үш ғылыми журнал шығарылады. ("IndustrialTechnologyandEngineering" ағылшын тіліндегі халықаралық ғылыми журналы; "ОҚМУ ғылыми еңбектері». "Оңтүстік Қазақстан ғылымының хабаршысы" ғылыми журналы).

Өз кезегінде университет пен ғылыми орталықтың ынтымақтастығы ғылым мен техника саласындағы білім беруді нығайтуға және зерттеу әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Ғылым, технология және техника саласындағы жоғары әлеует елдерге тұрақты даму жолындағы, оның ішінде денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, коммуникация, энергетика, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту сияқты салалардағы қиындықтарды еңсеру үшін қажет.

Өзгелердің жаңалығы