Атырауда төрт адамның өліміне қатысты сотта басты айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев мәлімдеме жасады. Қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, жанжалға қатысты өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым мен жұбайының туыстарының отбасылық өмірге араласуы себеп болған.
Мен жасаған қылмыстарым үшін жауапкершілікке дайынмын. Қандай жаза болса да, мейлі өмір бойына бас бостандығымнан айыру болсын, мейлі өлім жазасы болсын қабылдаймын. Менің әрекетім – менің отбасыма және маған қарсы, отбасымды бұзуға бағытталған әрекеттерге берген жауабым, – деді ол сотта.
Айыпталушы жұбайымен 10 жыл бірге тұрғанын және бес бала тәрбиелеп отырғанын айтты. Алайда оның сөзінше, әйелінің туыстары олардың арасына үнемі іріткі салып отырған.
Олар балалар «сенде де, сенің ата-анаңда да қалмайды» деп айтатын. Өз балаларымның өзімді боқтауы мені осындай қылмысқа итермеледі. Балаларымды пайдаланып, маған қысым көрсетті, ар-намысыма тиді, – деді Сәрсемәлиев.
Ол соңына дейін отбасын сақтап қалуға тырысқанын да айтты.
Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де, бағып-өскен туған әжесінен де айырғым келген жоқ. Ең соңғы сәтте отбасымды сақтап қалуға деген барлық әрекетім таусылды. Олардың сөзі мен әрекеті мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адамдық болмысымды күйретіп, өзімді ұстай алмайтын жағдайға жеткізді. Моральдық әрі психологиялық тұрғыда қатты шаршадым. Содан кейін осы қылмысқа бардым, – деді айыпталушы.
Атыраудағы төрт адамның өліміне қатысты алғашқы сот отырысы аяқталды. Келесі процесс 28 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді.
Бұған дейін сотта күдіктінің ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны қалай өлтіргені айтылды.
Тағы оқи отырыңыздар: "Үйде тамақ та, жағдай да жоқ": Атыраудағы сотта Мейрамгүлдің өліміне қатысты дерек айтылды
Атыраудағы атышулы іс: Прокурор қанды қылмыстың себебін атады