Атыраудағы отбасының өлімі: Марқұмның туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады

Жәбірленуші тарап әділ тергеуді талап етті.

 ©BAQ.KZ Бүгiн 2026, 11:22
Бүгiн 2026, 11:22
180
Фото: ©BAQ.KZ

Атырауда елді дүр сілкіндірген қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаза тапқан Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Әсила Мұқанғалиева айыпталушы Сұлтан Сарсималиевтің отбасы осы уақытқа дейін марқұмдардың жақындарымен байланысқа шықпағанын және көпшілік алдында кешірім сұрамағанын айтты.

Күдіктінің туыстары бізге келген жоқ, кешірім де сұрамады. Келіп, адамша сөйлесуге болатын еді, бірақ ондай қадам жасалмады, – деп атап өтті ол.

Оның сөзінше, жәбірленуші тарап бұл істе ең алдымен әділ тергеу мен заң аясында шығарылатын әділ сот шешімін күтеді.

Әсила Мұқанғалиеваның айтуынша, олардың отбасы үшін қайғылы оқиғаның барлық мән-жайының толық әрі объективті зерттелуі маңызды. Сондай-ақ ол сот іс материалдарын бейтарап қарап, заң талаптарына сәйкес үкім шығарады деп үміттенетіндерін жеткізді.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр. Сот процесі бүгін басталды. Соңғы шешім сот процесі аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Сот залында айыпталушы ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, оған төрт адамның өліміне қатысы бар деген күдікпен қатар, қаза тапқандардың мал-мүлкін сатып жіберді және банк карталарын пайдаланған деген айыптар тағылған.

Ол сот ғимаратына күшейтілген күзетпен жеткізілді. Айыпталушының құқығын мемлекет есебінен берілген қорғаушы қорғайды.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Наверх