Өмір сыйлайтын жасушалар: Қазақстанда сүйек кемігі донорлығы қалай жұмыс істейді?

Елімізде сүйек кемігін трансплантациялау жүйесі қалай жұмыс істейді? Донор болу үшін не істеу керек және бұл процедураның қандай да бір қаупі бар ма?

 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 17 Қыркүйек 2026, 15:43
17 Қыркүйек 2026, 15:43
83
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Бүгінде медицинаның қарқынды дамуының арқасында қатерлі ісік және қан түзу жүйесінің ауруларымен күрес жолдары кеңейіп келеді. Қазақстанда қан донорлығымен қатар сүйек кемігі (бағаналы жасушалар) донорлығы да сәтті дамуда. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы жанында жұмыс істейтін Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі осы бағыттағы маңызды жұмыстарды атқарып отыр. BAQ.KZ тілшісі бұл жүйенің қыр-сырымен, донор болу тәртібі және орталықтағы маңызды процесспен арнайы танысып қайтты.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Сүйек кемігін трансплантациялау кімдерге қажет?

Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығы жанынан құрылған Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі – бұл сәйкестік тапқан жағдайда өз бағаналы жасушаларын бөлісуге дайын әлеуетті еріктілердің деректер базасы.

Сүйек кемігін трансплантациялау лейкоз, лимфома сияқты қатерлі ісіктің түрлері, сондай-ақ апластикалық анемия және қан түзу жүйесінің өзге де ауыр генетикалық дертіне шалдыққан науқастарды емдеу үшін жасалады.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Қазіргі уақытта Қазақстан тіркелімінде 15,5 мыңнан астам донор бар, ал жыл сайын орта есеппен 1500–1700 жаңа ерікті қосылады. 2018 жылдан бері қазақстандық және шетелдік пациенттер үшін 23 сәтті туысқандық емес аллогендік трансплантация жасалды.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Орталық 2020 жылдан бері Дүниежүзілік сүйек кемігі донорлары қауымдастығының (WMDA) мүшесі. Бұл қазақстандық пациенттерге шетелден донор іздеуге, сондай-ақ шетелдік сұраныстарды орындауға мүмкіндік береді. Бөлім басшысынң айтуынша, 2024 жылы отандық жас бойжеткен өз бағаналы жасушаларын тапсырып, итальяндық пациент үшін сәтті трансплантация жасалды.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Донор қалай ізделеді?

Сүйек кемігі донорларының тіркелімі және трансплатттауды дамыту бөлімінің басшысы Аружан Толыбаеваның айтуынша, пациентке трансплантация қажет болған жағдайда, алдымен донорды отбасынан, яғни туған аға-әпкелері мен ата-аналарының арасынан іздейді. Егер туыстары болмаса немесе олардың медициналық көрсеткіштері сәйкес келмесе, ұлттық тіркелімге жүгінеді.

Бізде туыс емес донорлардың тіркелімі жұмыс істейді. Бұл базадағы адамдар өздерінің кімге донор болатынын білмейді, сондай-ақ пациент те өзінің донорының кім екенін білмейтін болады, – деп түсіндірді бөлім басшысы Аружан Толыбаева.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Тіркелімге қалай қосылуға болады?

Тіркелімге ену процесі өте қарапайым. Алдымен ерікті тұлға сауалнама толтырып, ақпараттандырылған келісімге қол қояды.  Кейін HLA-типирлеуден, яғни молекулярлық-генетикалық анализ тапсырады, ол үшін бар болғаны 8-9 мл қан тапсыру қажет. Донор барлық талапқа сай болып, тексеруден толық өткен соң базаға енгізіледі. Тапсырылған қан талдауға жіберіліп, нәтижесі бойынша пациентке ең үйлесімді донор іріктеледі.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Донорларға қойылатын талаптар қандай?

Алайда кез келген азамат сүйек кемігі доноры бола алмайды. Тіркелімге қабылдаудың қатаң әрі нақты өлшемшарттары бекітілген. Бөлімінің басшысы Аружан Толыбаеваның айтуынша, әлеуетті донорлар 18 бен 45 жас аралығындағы, салмағы 50 килограмнан басталатын азаматтар болуы тиіс. Маманның сөзінше, тіркелімдегілердің негізгі үлесін 25 пен 36 жас аралығындағы жастар құрайды.

Ал денсаулық жағдайына келсек, үміткер диспансерлік есепте тұрмауы және анамнезінде қан арқылы берілетін жұқпалы аурулар, атап айтқанда В және С гепатиті, сифилис пен АИТВ / ВИЧ инфекциялары мүлде болмауы шарт.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Бағаналы жасушаларды тапсыру қауіпсіз бе?

Донордың өз бағаналы жасушаларын тапсыру процесі бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Біріншісі – стимуляция кезеңі, бұл кезде 5 күн бойы тері астына күніне екі рет арнайы препарат енгізіледі. Бұл препарат сүйек кемігіндегі жасушаларды шеткі қанға жұмылдыруға тікелей әсер етеді.

Екінші кезең – аппараттық цитаферез. Бесінші күні донордың шынтақ венасына қос катетер енгізіліп, арнайы аппарат тек бағаналы жасушаларды ғана жинайды, ал қалған бүкіл қан донордың тамырларына қайтарылады. Бұл процедура шамамен 4-5 сағатты алады. Осыдан кейін келесі күні донор үйіне шығарылып, өз өмірін әдеттегідей жалғастырады, өйткені донациядан кейін ешқандай шектеулер мен қарсы көрсетілімдер жоқ.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков
©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Донорлар көбінесе медикаментоздық стимуляция процесінен қорқады. Алайда бөлім басшысы бұл процестің ешқандай қаупі жоқ екенін айтады.

Бұл тек сүйек кемігінен жасушалардың қанға, шеткері аймаққа шығуына ғана әсер ететін препарат енгізіледі. Ол гормоналды жүйеге де, репродуктивті жүйеге де ешнәрсеге әсер етпейді, тек сүйек кемігінен жасушаларды қанға шығаруға көмектеседі, – деді дәрігер.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Дегенмен Аружан Толыбаеваның айтуынша, донорлардың сәйкес келу ықтималдығы 10 000-нан 1-ді құрайды. Бұл сіздің біреуге тура бір жылдан кейін немесе 5-10 жыл өткен соң келуіңіз мүмкін екенін, тіпті мүлдем ешкімге келмеуіңіз де ықтимал екенін білдіреді.

©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Сүйек кемігі донорлығы – бұл ауыр дертке шалдыққан жандар үшін жалғыз құтқару жолы, ал әлеуетті донор болу – саналы түрде жасалатын адамгершілік қадам. Мамандардың айтуынша, бір ғана сынауық қан тапсырып, ұлттық тіркелімге қосылу арқылы сіз біреудің өмірін сақтап қалатын бірден-бір үміт бола аласыз.

Наверх