Ол қызымен бірге мектеп бітірді

9 Маусым 2020, 22:22
1746
Бөлісу:
Ол қызымен бірге мектеп бітірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік сотталушы биыл үлкен қызымен бірге 11-сыныпты тәмамдағанын және "жалпы орта білімі туралы" аттестатты алу үшін, ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сай, өзі жазасын өтеп жатқан Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 түзеу мекемесіне өтініш білдіргенін айтты.

Бостандықта жүргенімде әріп танымайтынмын. Осы түзеу мекемесіне келгеннен кейін ғана әріп үйреніп, жәймен кітапханадан кітап алып оқитын болдым. Бұл аттестаттың маған бостандыққа шыққанда көмегі тиетініне сенемін. Менің екі қызым бар. Үлкен қызым да биыл 11-сыныпты аяқтап жатқандықтан, қызыммен бірге аттестат алып жатқанымды хабарлауға ұялдым. Бірақ, бостандыққа шыққаннан кейін айтатын шығармын,- деді 41 жастағы аттестат иесі А.Ж. есімді жазасын өтеуші.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, КА-168/2 түзеу мекемесіндегі жалпы білім беретін кешкі мектепті бітірген жазасын өтеушілерге "орта білім алғаны туралы" аттестаттарды табыстау- барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, жүзеге асты.

Заң бойынша сотталғандар орта білім алуға міндеттеліп, жасы 30-дан асқандармен білім алып, сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, 30-дан асқан сотталғандар арасында да осындай аттестаты жоқтары кездессе, олар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады. Жалпы кешкі мектепті оқу кезінде жазасын өтеушілердің қызығушылығы негізінен- тарих, география, математика, "Адам, қоғам, құқық" пәндеріне жоғары болып келеді. Сондай-ақ, "Табиғат құпиялары" секілді факультативті сабақтар да оларды жақсы қызықтырады - дейді КА-168/2 мекемесінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, әділет майоры Қанат Макатов.

Атаулы ресми шарадан кейін, жалпы орта білімді аяқтаған сотталған түлектер аттестаттарын қолдарына ұстап, естелік суретке түсті.

Айта кету керек, биылғы жылы КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіндегі жалпы кешкі мектепті 31 сотталған аяқтаса, олардың 16-сы: 11-сынып бітірген сотталғандар, қалған 15-і: 10 сынып бітірген сотталғандар - дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
Өзгелердің жаңалығы