Нығматулин Венадағы парламенттер спикерлерінің бесінші Дүниежүзілік конференциясына қатысады

6 Қыркүйек 2021, 09:45
1397
Бөлісу:
Нығматулин Венадағы парламенттер спикерлерінің бесінші Дүниежүзілік конференциясына қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация 6-8 қыркүйек аралығында Вена қаласында өтетін Бесінші Дүниежүзілік парламенттер спикерлерінің конференциясына қатысады.

Парламентаралық Одақ, Австрия Парламенті БҰҰ-мен өзара іс-қимыл кезінде ұйымдастырған форумда парламентшілер, атап айтқанда, пандемиядан кейінгі даму, оның ішінде климаттың өзгеруімен күресу және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін экономиканы реформалау туралы пікір алмасады.

Парламент өкілдері көпжақты қатынастарды нығайту, бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін диалог, өзара түсіністік және ынтымақтастық қағидаттары негізінде негізгі парламенттік іс-қимылдарды анықтайды. Осы тақырыпта өткізілетін интерактивті жалпы пікірталастарда Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің сөз сөйлеуі жоспарланған.

Сонымен қатар Нұрлан Нығматулиннің Еуропа және Азия парламенттерінің, халықаралық парламенттік ұйымдардың басшыларымен, сондай-ақ, ұлттық делегациялардың өкілдерімен екі жақты кездесулері қарастырылған.

Парламент спикерлерінің әрбір бес жыл сайын өткізілетін Дүниежүзілік конференциясы қауіпсіздік, экономикалық және әлеуметтік даму, халықаралық құқық және адам құқықтары, демократия және гендерлік теңдік мәселелерін талқылауға арналады.



Өзгелердің жаңалығы