Нығматулин: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрімізге оңай болған жоқ

10 Желтоқсан 2021, 11:03
1346
Бөлісу:
Нығматулин: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрімізге оңай болған жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрімізге оңай болған жоқ. 70 жыл бойы билік жүрген Кеңес одағы тарағаннан кейін біздің халқымыздың жағдайы өте ауыр болды. Сол кезде барлық зауыт, өндіріс фабрикасы тоқтап, колхоз, совхоздар тарап, мектептер, мәдени орталықтар жабылды. Мыңдаған азамат жұмыссыз қалды. Бірнеше ай бойы еңбекақы, стипендия сияқты төлемдер берілмеді. Біз сөзбен айтқанда, экономикалық дағдарыс болды, - деді ол. 

Айтуынша, осындай ауыр кезеңде тәуекел етіп, ел тағдырын қолына алған Елбасымыз өзінің көреген басшылығымен туған елінің сенімін ерлікпен, абыроймен ақтады.

Болашақты болжай білетін көреген, дана саясаттың және батыл қадамдардың арқасында халқымыздың барлық қиындықтан аман-есен алып шығып, бір биіктен бір биікке жеткізілді. Қазақстанның 30 жылдық дамуында халқымыздың рухы көтерілді, еліміздің еңсесі биіктеді. Даламыз да, қаламыз да, өмір сапасы да заман талабына сай жаңғырып, жаңа өмірге қадам басты, - деп айтты Нұрлан Нығматулин конференцияда.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрылды.



Өзгелердің жаңалығы