Нығматулин: Наурыз мейрамы – рухани бірліктің символы

20 Наурыз 2021, 14:41
1786
Бөлісу:
Нығматулин: Наурыз мейрамы – рухани бірліктің символы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында барша қазақстандықтарға өзінің игі тілегін жеткізді.

Барша қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні-Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бұл бүкіл тіршілік жаңарып, күн мен түн теңеліп, елімізге, жерімізге ырыс-құт әкелетін ерекше мереке. Мейрам әрбір отбасына амандық, жерімізге молшылық, елімізге тыныштық, халқымызға бақ-береке тілеймін!

Наурыз мерекесінің негізі халықтың бірлігін, бейбітшілік пен келісімді, өзара құрмет пен тату көршілік байланыстарды нығайту, бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді дамыту саясатындағы басым бағыттардың бірі, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы «Наурыз мейрамы» ежелден қазақ елі үшін қасиетті, қадірлі ізгілік пен ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың, достық пен сыйластықтың белгісі екенін айтты.

Cонымен қатар, Нұрлан Нығматулин ынтымағы нығайып, өркениетке бет алған еліміз кез-келген қиындықты жеңетініне, әз Наурыз ұланғайыр Қазақстанымызға береке мен бірлік әкелетінін айтып, халқымызға мықты денсаулық және амандық тіледі.

 


Өзгелердің жаңалығы