Нығматулин Австрия Парламенті ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

21 Ақпан 2019, 11:28
1896
Бөлісу:
Нығматулин Австрия Парламенті ұлттық кеңесінің төрағасымен кездесті

Астана, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Австрия Республикасына ресми сапары барысында Австрия Ұлттық кеңесінің төрағасы Вольфганг Соботкамен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап екі ел арасында сындарды және тұрақты байланыс орнағанын атап өтті.

Мәжіліс төрағасының пікірінше, Австрия – Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі әріптестердің бірі, сондықтан елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету маңызды. Нығматулин атап өткендей, қос мемлекет басшыларының ресми сапарлары жан-жақты ықпалдастықты күшейтудің берік іргетасын қалады.

Қазіргі уақытта екі ел арасындағы сауда айналымы бір миллиард еуроны құрайды. Бүгінде Қазақстан Австрия аймағындағы ең маңызды сауда серіктесі болып табылатыны сөзсіз дей келіп, Ұлттық кеңес төрағасы Вольфганг Соботка елдер арасындағы саяси диалогты одан әрі арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Өткізілген келіссөздер барысында Нұрлан Нығматулин мен Вольфганг Соботка бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар деңгейінде парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуды, заңнамалық тәжірибе алмасу жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізді. Сонымен бірге, сауда-экономикалық байланыстар, инновация, экономиканы цифрландыру, «жасыл технология», туризм, ауыл шаруашылығы мен мәдени-гуманитарлық саланың әлеуеттік бағыттарын заңнамалық сүйемелдеудің маңыздылығына назар аударылды.

Мәжіліс төрағасының айтуынша бүгінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтасты және әріптестікті кеңейту туралы келісімнің әлеуеті зор. Бұл келісімді Австрия Республикасы да ратификациялады.

Сондай-ақ, спикерлер халықаралық және парламентаралық ұйымдар арасында байланысты нығайту туралы да келісімге келді. Оған қазақстандық Парламент өкілдерінің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы қызметіне белсене араласуы және Австриялық әріптестермен етене іс қимыл жасауы оң ықпалын тигізеді.

«ЕҚЫҰ-ға мүше болуымыз біздің қатынасымыздағы ең мықты тетік ретінде бағалаймын», - деді Соботка.

Қазақстанның біраз уақыттан бері халықаралық қоғамдастықтың толық мүшесі ретінде табысты жұмыс істеп келе жатқаны да қызығушылық туғызады. Оған мысал ретінде, 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитін және Австрия елі де қатысқан ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін атап өтуге болады.

В.Соботка Еуропалық Одақтың жаңа Стратегиясы Орталық Азия үшін Қазақстанмен ынтымақтастықта әлеуеттерді бағындыруға мүмкіндік береді дей отырып, тұрақты даму мен жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

Осыған байланысты, Мәжіліс төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ауқымды бастамаларына айрықша назар аударды. Жастардың заманауи рөліне тоқталған Мәжіліс спикері осы жылдың қаңтар айында Қазақстанда «Жастар жылы» ашылғанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білімді жастар елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы екенін айтты. Бүгінде біздің еліміз цифрлы технологиялық дамуға батыл қадам жасауда. Сондықтан жастарды қолдау жөніндегі кешенді шаралар мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады», - деді Н.Нығматулин.

Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Австрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің төрағасы Вольфганг Соботканы 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының төртінші отырысына қатысуға шақыру хатын табыстады. Н.Нығматулиннің айтуынша, бұл қазақстандық және аустриялық Парламент өкілдерінің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы