«Nur Otan» партиясын ішкі жаңару күтіп тұр – саясаттанушы

29 Қаңтар 2022, 11:07
2641
Бөлісу:
«Nur Otan» партиясын ішкі жаңару күтіп тұр – саясаттанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясын алдағы уақытта ішкі жаңару күтіп тұр. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,  саясаттанушы Руслан Ақмағанбетов айтты.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінің өтуі – елеулі саяси оқиға. Партияның жаңа төрағасы сайланды. Бұл елдегі жетекші партия екені де баршамызға мәлім. Елдегі орын алған соңғы жағдайлар бизнес саласындағы алыптардан бөлек, ұйымдар мен партиялардың да жаңа жағдайға бейімделуіне алып келе жатқанын байқатады. Жаңа Төрағаның келуімен «Nur Otan» партиясында алдағы уақытта ішкі ұйымдасуы тұрғысынан да, сыртқы ортадағы байланысы мен арақатынастарында да өзгерістердің орын алары анық. Мысалы, мұны қаңтар съезіндегі «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістерден байқаймыз. Одан бөлек алдағы уақытта партияның бірінші орынбасары лауазымының орнына, «үйлестіруші», «атқарушы хатшы» деген лауазымды лайық етудің жоспары айтылып қалды. Байыптап қарасаңыздар, алдағы уақытта партияның өңірлік филиалдарында да ірі өзгерістер болатыны байқалады. Яғни жаңа уақыт талабына сай партияның жұмыс бағыты да өзгеріске ұшырайды, - деді ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы.

Оның айтуынша, партия Төрағасының ауысуымен алдағы уақытта саяси бәсекелестіктің жаңа кезеңі орын алады.

Президент бір сөзінде Парламент Мәжілісі депутаттарының халық арасындағы беделінің төмен екенін тілге тиек ете отырып, алдағы уақытта Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» фракциясының ішінде де өзгерістердің орын алатынын айтып өтті. Бұл тұрғыдан алғанда «Nur Otan» партиясын алдағы уақытта ішкі жаңару күтіп тұр деуге негіз бар. Партия Төрағасының ауысуымен алдағы уақытта саяси бәсекелестіктің жаңа кезеңі орын алады. Мұның бір себебі, Президент бір сөзінде «ашық саяси бәсекелестікке сеп боламын» деген мәндегі сөзді айтты. Қазіргі таңда елде жиі айтылып жатқан мәселе – бәсекелестік, яғни ашық саяси доданың өтуін талап етушілік бар. Сондықтан алдағы уақытта «Nur Otan» партиясын жаңа уақыт жағдайында саяси бәсекелестіктің жаңа кезеңіне өту мезеті күтіп тұр. Әрине, бұл үшін алдымен партияның ішкі жаңаруы мен іштей жаңғыруы күн тәртібіндегі мәселе, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы