Nur Otan мәслихаттардағы 3 276 орынның 2 701 мандатын алды – Байбек

14 Қаңтар 2021, 13:36
1376
Бөлісу:
Nur Otan мәслихаттардағы 3 276 орынның 2 701 мандатын алды – Байбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәслихаттарға сайлау қорытындысы туралы желіде жазба жариялады. Ол жазбасында партия фракцияларының құрамына және жаңадан сайланған депутаттардың орташа жасына да тоқталды. 

Қымбатты достар! Өздеріңіз білетіндей, Nur Otan барлық 216 аумақтық мәслихаттарға тізімдер ұсынды. Жергілікті өкілді органдарға сайлау қорытындысы бойынша партияға орта есеппен сайлаушылардың 82,4%-ті дауыс берді. Осылайша, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3 276 орыннан нұротандықтар 2 701 мандат алды.

Кеше партия филиалдарының саяси кеңестері бюролары отырыстарының қорытындылары бойынша еліміздің барлық облыстары, аудандары мен қалаларындағы мәслихаттар депутаттарының тізімі жасалып, тіркеу үшін өңірлік сайлау комиссияларына жолданды.

Жалпы, мәслихаттардағы біздің фракциялардың құрамы 65%-ке жаңарды.

Партияның депутаттық корпусы 6 жылға жасарды, бүгінде халық қалаулыларының орташа жасы 45 жасты құрайды, - деп жазды партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол жаңадан сайланған депутаттардың арасындағы әйелдер мен жастардың үлес санына ерекше тоқталды. 

Nur Otan-нан сайланған барлық депутаттардың үштен бірі – әйелдер, 23% – 35 жасқа дейінгі жастар. Олардың қатары сәйкесінше 11%-ке және 16%-ке артты. Осылайша, Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық деңгейдегі маслихаттарда әйелдер мен жастардың үлес санын арттыру жөніндегі тапсырмасы толық орындалды.

423 депутат – партияға жаңадан кірген, праймериз аясындағы әлеуметтік лифтіні пайдалана отырып, партияішілік іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен азаматтық белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары.

Депутаттық корпусқа білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ҮЕҰ, БАҚ, кәсіподақ, өнеркәсіп өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер, фермерлер, көпбалалы аналар, қандастар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар және т.б. кірді. Мәслихаттарда әр түрлі санаттағы азаматтардың өкілдік етуі шешімдер қабылдаудың теңгерімділігін және барлық әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

Елбасы атап өткендей, Nur Otan партиясынан депутат болу – артықшылық емес, үлкен жауапкершілік. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тек бірлесіп қана біз барлық қиындықтарды еңсеріп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізе аламыз!, - деді Бауыржан Байбек.


Өзгелердің жаңалығы