Жас әкімдерге тәлімгерлік институтын енгізу ұсынылды

22 Мамыр 2021, 15:59
2507
Бөлісу:
Жас әкімдерге тәлімгерлік институтын енгізу ұсынылды

Алматы, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқару жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу мәселелері талқыланды. 

Оған саяси партиялардың, ірі ҮЕҰ өкілдері, саясаттанушылар, сарапшылар қатысты.

Кеңес азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамытудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленетін бірегей алаң болып табылады. Оның міндеттері партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына, Жол картасы индикаторларының орындалуына мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ саяси диалог мәдениетін дамытуға және азаматтық бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесу.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу қажеттілігін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында, ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды өткізу бастамасын Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2012 жылғы Жолдауында алғаш рет ұсынды.

Кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бүгінгі таңда ауылда халықтың 41%-ы тұрады, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 4%-ын ғана қамтамасыз етеді.

Ауылдық жерлерде көлеңкелі экономика басым. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтермей ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені баршаға мәлім. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетіктерін халықтың қолына беру. Сонда ғана тұрғындар өз ауылдарының тыныс-тіршілігіне араласып, мәселелерді шеше алады, - деп атап өтті ол.

«Nur Otan» партиясының Хатшысы Әлібек Әлденей атап өткендей, 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламада жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу көзделген.

Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында әрбір тармақ нақтыланды. Олардың бірі – демократиялық реформаларды тереңдету, халықпен кері байланыс құралдарын жетілдіру, билікті одан әрі орталықсыздандыру үшін маңызды түрткі болатын ауыл әкімдерінің алдағы сайлауы. Жыл соңына дейін 1 млн 250 мың сайлаушының қатысуымен ауылдық елді мекендердің 800-ге жуық әкімі сайланады деп күтілуде, - деді Әлібек Әлденей.

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен заң жобасының жаңалығын атап өтті. Мәселен, кандидаттар 3 тәсілмен: саяси партиялар мүшелерінің қатарынан, өзін-өзі ұсыну тәртібімен, бұдан басқа, егер ұсыну мерзімінің соңына дейін екіден кем үміткер ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің кандидаттары ұсынылады.

Отырыста талқыланған мәселелердің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, басқа саяси партиялардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Мәселен, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков әкім жұмысының тиімділігінің сандық индикаторын енгізуді ұсынды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжановтың пікірінше, әкім атқарушы биліктің бел ортасынан шығып, менеджер болуы тиіс. Сондай-ақ, сайлау процесінің ашықтығын, айқындығын және заңдылығын қамтамасыз ету үшін ол сайлау күні дауыс беру кезінде онлайн трансляция өткізуді ұсынды.

Сонымен қатар, ҚР Парламентіндегі «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы басшысының орынбасары, депутат Берік Дүйсембинов халқының саны тұтас аудандардағы ауыл тұрғындарының санынан асатын ірі ауылдардың мәселесін көтерді. «Ірі ауылдардың әкімдері үшін қосымша механизм, тетік қажет. Өйткені абаттандыру, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерді ескерсек, олардың жүктемелері көбірек, - деді ол.

Кеңес мүшесі Майра Айсина осы қызметтерде тиісті тәжірибесі жоқ жас үміткерлерді оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу қажеттілігі туралы пікір білдірді. Кеңес мүшесі Расул Жұмалы жоспарланып отырған жаңашылдықтарға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

Өзін-өзі басқару саласындағы реформаларды талқылау аясында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров өңірлердің дербестігін арттыру Қазақстанның сапалы аумақтық дамуына ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді дамыту үшін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуды қамтитын жеке заң шығару қажет.

Қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органдарының бірі жергілікті қоғамдастық жиналысы болып табылады. Алдағы 10 жылға арналған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасында жергілікті қоғамдастық жиналысын қайта құру жолымен ауылдық деңгейде өкілді орган – «Кеңес» құру көзделген.

Өз кезегінде саясаттанушы, кеңес мүшесі Андрей Чеботарев тұжырымдаманың әлсіз жақтарының бірі ретінде аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендер әкімдерінің сайлауын өткізу процесінің үндеспейтіндігін атады. Мәселен, биыл осы деңгейдегі әкімдердің жалпы санының үштен бірі ғана сайланады. Бұл алшақтық жалпы сайлау процесінің ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық аспектілеріне теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, А.Чеботарев жоғары білімге қатысты шектеуді алып тастауды ұсынды.

Кандидаттарға қойылатын талаптарды біраз төмендету қажет. Себебі қарапайым ауыл тұрғындарының ғылыми дәрежесі, қандай да бір басқарушы құрылымдарда, жеке немесе мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі болмағанымен, бірақ олар ауылдың деңгейін қалай көтеру керектігін білетін сауатты адамдар болуы мүмкін,-деп атап өтті ол.

Кеңес мүшелерінің қорытындысы бойынша Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар әзірленді. Олардың арасында тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ тікелей сайланған ауыл әкімдерін оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу де бар. Сонымен қатар, кеңес төрағасы Айдос Сарым биыл күзде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін осы мәселе бойынша Кеңестің тағы бір отырысын өткізуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы