Ninety one: Халықты бір тілде сөйлету үшін тілді трендке айналдыру керек

21 Желтоқсан 2020, 16:52
3100
Бөлісу:
Ninety one: Халықты бір тілде сөйлету үшін тілді трендке айналдыру керек
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «30 Leaders Meetup – тәуелсіз ұрпақ» мотивациялық форумында Ninety one тобының солисі Дулат Мұхаметқалиев айтты.

Форум барысында Ninety one тобының солисі біздің елдегі мәселе – креативті экономикаға толыққанды көңіл бөлмеу екені туралы айтты.

 

Яғни шоу-бизнестің, жалпы өнер саласының тек қана өз бетімен жүріп, мемлекеттік бюджетке тәуелді болуы. Ол сапа мен креативтілікті жояды. Сол үшін мемлекет жай ғана жағдай жасап, ал өнер өз-өзін дамытып, өз табысын өзі табуы керек. Сонда ғана шоу шынында бизнеске айналады. Оның маңызы неде? Біз үнемі 3 мәселені көтереміз. Біріншісі - тіл, екіншісі - экология, үшіншісі -жастардың арасындағы суицид. Тіл және экологиямен бәрі түсінікті. Ал жастардың арасындағы суицидті қатты ойлай бермейміз. Алайда еліміз жастардың арасындағы суицид бойынша алғашқылардың тізімінде. Көптеген органдар 19-27 жас аралығындағы жастармен жұмыс жасайды. Алайда жұмыс жасағанмен инструменттер өте ескі. Олар жұмыс істемейді. Ал көбінесе суицидке баратындар 13-17 жас аралығындағы жастар. Олар неге ондай шешімге барады? Өйткені оларда «мені ешкім түсінбейді», «мені ешкім тыңдағысы келмейді», «мен жалғызбын деген» сезім бар. Олардың тілінде сөйлесетін адам өте аз, - дейді Дулат Мұхаметқалиев.

 

Оның айтуынша, заман өзгерген сайын, буын өзгерген сайын сол буынның көзқарасы да, ойлау қабілеті де бәрі мүлдем өзгереді. Арасында көпір жоғалады. Бір-бірімен сөйлесе алмайды. 

 

Біздің контенттер нақты оларды қызықтырып, олардың тілінде сөйлесуге арналған. Сол үшін бізді жасөспірімдер тыңдайды, қарайды және бізді ойдың көшбасшысы ретінде қарай алады. Бұл дегеніміз шоу-бизнес толыққанды дамыған кезде өзіміздің батырлардың идеологиясын нақты сапалы түрде, сапалы контент ретінде жеткізіп беретін болсақ, жастар өзіміздің тарихты қарап, өзіміздің идеологиямен өмір сүреді. Қазіргі күнде жастар өздерінің идентификасын білмейді. Олар нақты қай тілде сөйлеу керектігін, қандай ұстанымдарды ұстану керектігін толыққанды айтып бере алмайды, - деп айтты әнші.

 

Сонымен қатар, Zaq тіл мәселесіне де тоқталды.

 

Тіл мәселесіне келетін болсақ, біздің 120 ұлт пен этностың бәрін біріктіріп, бір тілде сөйлету үшін тілді трендке айналдыру керек. Ал тілді трендке айналдыру үшін қазақтілді контент көп болуы керек. Қазіргі уақытта бәрі интернетте отырады. Бірақ интернетке кірсең, қазақтілді контенттің сапасы сын көтермейді. Егер контенттің сапасы қазіргі заманға сай болып, дұрыс берілсе, онда бұл басқа әңгіме. Яғни қазақ тілінің өзі кішігірім трансформациядан өтуі керек. Ол транформация жұмсақ өткізілуі керек болса, онда жұмсақ күшпен енгізілуі тиіс. Яғни ол өнер, музыка, кино, мультфильм және басқа да дүниелер, - деп жеткізді ол.

 

Өз сөзін қорытындылай келе топ мүшесі мемлекеттік органдармен және басқа да мекемелермен ортақ жұмыс жасауға ашық екендерін жеткізді. Сондай-ақ, өздері жинаған тәжірибемен бөлісіп, екінші тараптың тәжірибесін қабылдауға да дайын екендерін айтты.

 

Егер шынымен бәріміз бірге болатын болсақ, бір-бірімізді тыңдап, естіп үйренсек, барлығымыз бір жиіліктегі толқынға түсетін болсақ, Қазақстанның үлкен белестерден көре алатыныма сенімім мол деп айта аламын. Алайда бір-бірімізді естуіміз керекпіз, - деді ол. 


 

Өзгелердің жаңалығы