Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Нейрохирург: Дәрігер болу – мамандық емес, жүрекке жүктелген миссия

12 Маусым 2025, 15:38
732
Бөлісу:
 Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі

Елорданың төрінен бой көтерген Ұлттық нейрохирургия орталығы – өмір үшін күнделікті күрестің тыныс алған орны. Әр қабырғасында – тағдыр. Әр ота бөлмесінде – үміт. Осы орталықта Ми патологиясының нейрохирургиясы бөлімін басқарып отырған жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Нұржан Рыскелдиевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Нұржан Әмірбекұлы, мықты дәрігерлердің қатарында есіміңіз ел ішінде жиі аталады. Дәрігерлік жолға қалай келдіңіз? Бұл бала күнгі арман ба, әлде уақыттың таңдауы ма?

- Бұл жол – жүректің таңдауы. Балалық шағымда анам үнемі: "Ұлым бір күні ақ халат киіп, адамдарға көмектессе екен" деп отыратын. Анам – менің басты мотивациям болды. Кейде адамның жүрегіне ерте сіңген тілектердің күші ерекше болады екен деген ойға қаламын. Уақыт өте келе медицинаға қызығушылығым артып, өз жолымды таптым. Қазір артқа қарасам, өзге мамандықты елестете де алмаймын.

 

Нейрохирург: Дәрігер болу – мамандық емес, жүрекке жүктелген миссия

- Сіздің тәжірибеңізде жүздеген, бәлкім мыңдаған операция болған шығар. Есте ерекше сақталғаны бар ма?

- Әр науқас – бір тағдыр. Әр ота – ерекше жауапкершілік. Бірақ бір оқиға мені қатты толқытты. Осыдан екі жыл бұрын жүктіліктің 28-ші аптасында мидың маңдай-самай бөлігінде ісігі бар әйел қабылдауыма келді. Өмір мен өлім қатар тұрған сәт. Операция сәтті өтті. Бүгінде сәбиі екі жасқа жуықтады. Анасы да, баласы да дінаман. Міне, сол кезде адам өмірі үшін күрестің не екенін тағы бір түсіндім.

- Мұндай сәттерден кейін дәрігердің де эмоциясы болады ғой?

– Әрине. Жүйрік сана бәрін салқын қабылдағанымен, жүрек үндемейді. Кейде өз-өзіңді тежейсің, бірақ ішіңде бәрібір бір толқу, бір жауапкершілік жатады. Ота сәтті аяқталған соң науқастың отбасына оралуы – дәрігер үшін ең үлкен марапат. Мен үшін бақыт – немересін құшақтап тұрған әженің көзіндегі шүкіршілік.

 

Нейрохирург: Дәрігер болу – мамандық емес, жүрекке жүктелген миссия

- Көп адам дәрігерлерді "қатты" адамдар деп ойлайды. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жақын?

- Бұл – сырт көздің пайымы. Біз де – ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Жанымыз ауырады, жүрегіміз шымырлайды. Тек эмоцияны көрсетуге мүмкіндік бола бермейді. Өйткені бір сәттік әлсіздік – науқастың тағдырына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, науқастың жанын емдеу үшін ең алдымен адамды адам ретінде қабылдау керек. Меніңше, дәрігерге ең керекті қасиет – жанашырлық.

Нейрохирург: Дәрігер болу – мамандық емес, жүрекке жүктелген миссия

- Қазіргі таңда нейрохирургия саласында қандай күрделі тенденциялар бар?

- Жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, бірақ сонымен бірге ауру түрлері де күрделеніп келеді. Мәселен, ми ісігі бұрын сирек кездесетін патология саналса, бүгінде жастар арасында да жиі ұшырасып жүр. Жүктілік кезіндегі неврологиялық аурулар – тағы бір үлкен сын. Мұндай сәттерде бір ғана дұрыс шешім – екі өмірді қатар сақтап қалуың мүмкін немесе керісінше…

- Жастар медицина саласына көптеп келіп жатыр. Сіз үшін нағыз дәрігер қандай болу керек?

- Біріншіден, кәсібіне адал болу керек. Екіншіден, әр науқастың орнына өзіңді қоя білу қажет. Үшіншіден, ешқашан «мен бәрін білемін» демеу. Үйренуден жалықпаған адам ғана жақсы дәрігер бола алады. Технология дамып жатыр, бірақ адами қарым-қатынас пен жүректен шыққан сөз ешқашан мәнін жоғалтпайды.

 

Нейрохирург: Дәрігер болу – мамандық емес, жүрекке жүктелген миссия

- Алда келе жатқан кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

- Медицина қызметкерлері күні – жай ғана кәсіби мейрам емес. Бұл – адамдар өмірін сақтап қалуға тырысып жүрген мыңдаған ақ халатты жанның мойнындағы жауапкершіліктің, күн сайын көрінбей жасалып жатқан еңбектің мойындалуы. Осындай күнде әріптестеріме тек сабыр, денсаулық және қоғамның шынайы алғысын тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы