Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 10% қымбаттаған

18 Қараша 2019, 11:59
2564
Бөлісу:
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 10% қымбаттаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,7% өскен. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Қазан айынан бастап 12 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, жыл басынан 9,7% өсті. Бұл ретте егін жинау маусымына қарамастан бірнеше тауар бағасы он шақты процентке өсу байқалды. Қазан мен қараша аралығында келесі тауарлар бойынша баға төмендеді: күнбағыс майы – 0,4%, картоп – 3,4%, сәбіз – 4,5%, пияз – 5,8%, қырыққабат – 7,7%, қант – 7,9%. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының максималды өсуі Атырау облысында – 13,5%, Павлодар облысында – 12%, Нұр-Сұлтан қаласында – 11,8%, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында 11,4% байқалды, - деді Сұлтанов Үкімет отырысында.

Ол барлық өңірде негізінен көкөністерге, етке, нан мен қарақұмыққа шекті міндеттердің 15%-дан асқанын атап өтті. 

Қызылорда мен Шымкент, Түркістан қалаларында әлеуметтік маңызы бар алты азық-түлік тауарының бағасы өссе, Алматы қаласы, Ақтөбе, Ақмола, СҚО, Жамбыл облыстарында бес тауар бойынша тауарлар бағасы өскен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған өңірлерде әкімдер орынбасарлары деңгейінде жауапкершілікке тартуды ұсынамын, - деді Сауда және интеграция министрі.

Сұлтанов әкімдіктердің азық-түлік бағасын реттей алмай отырғанын айтты.

Маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және мүмкін болатын алып-сатарлық секірулерді болдырмау үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында 2018 жылғы мамыр айында әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу функциялары берілді. Алайда бүгінде іс жүзінде әкімдіктер бұл функцияны толық пайдаланбай отыр, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Мамин азық-түлік бағасына жауапты министрлер мен әкімдердің орынбасарларын жазалауды тапсырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы