Жүргізуші куәлігін алып жүрудің қажеті жоқ. Жаңа заң қабылданды

2 Желтоқсан 2020, 11:43
19752
Бөлісу:
Жүргізуші куәлігін алып жүрудің қажеті жоқ. Жаңа заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жол жүрісі мәселелері бойынша заң жобасы қабылданды.

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленген. Президент жүргізушілердің көлік құралына берілген жүргізуші куәлігі мен тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілігін алып тастауды айтқан. 

Көрсетілген құжаттар ішкі істер органдарының дерекқорында бар және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері олардың бар-жоғын дерекқорға қосылу арқылы тексере алады.

Бұл құжат жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау көзделеді. Аталған нормаларды сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау ұсынылады, - деді Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Биылғы он айда осындай құқық бұзушылық үшін 150 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Заң жобасы әкімшілік жауапкершілікті алып тастайды. Енді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгеріс енгізеді. Сонымен қатар бұл түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды. Осы уақытқа дейін скутер, гироскутер, электросамокат, монодөңгелек сияқты шағын мобильді электр көлік құралдарының құқықтық мәртебесі анықталмағандықтан, заң жобасында «дербес мобильді құралы (шағын электр көлік құралы)» ұғымы айқындалады. Мұндайларға электр қозғалтқышымен жабдықталған және уәкілетті органда тіркеуге жатпайтын, жеке жүріп-тұруға арналған құрылғыны жатқызу ұсынылады, - дейді депутат.

Енді оларды пайдалану тәртібі де реттеледі. Тиісті өзгерістер «Жол жүрісі туралы» заңға енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы