Бас жаңалықтар
Жол бойында тұрғындар шағымы тыңдалады
18 Мамыр 2019, 13:48 516

Жол бойында тұрғындар шағымы тыңдалады

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сәуір айында өткен республикалық «Жолда қабылдау» акциясы аясында полиция қызметкерлеріне 800-ден астам облыс тұрғыны жүгінген. Оның ішінде 300-ден артық арыз-шағым Қостанай қаласынан.

Кезекті акция 17-18 мамыр күндеріне белгіленген. Іс-шара ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын негізге алып отыр. Онда азаматтардың мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға өтініш жасау тетіктерін жетілдіру турасында айтылған.

«Акция ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылуда. Мақсат – тұрғындардың жол қауіпсіздігі, көші-қон, тұрмыстық мәселелерінің тез шешілуіне және басқа да сұрақтарына оңай жауап алуына жол ашу. Биыл бірінші рет сәуір айында өткіздік. Оған Қостанайдың барлық өңірінен 863 өтініш келіп түсті. Мәселелердің көп бөлігі сол жерде шешіліп, кейбір сұрақтар бақылауымызға алынып, оларды да біржақты қылдық», - дейді Қостанай облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Наратауов.

Іс-шарада жүргізушілер айыппұлының бар-жоғын тексеріп, оны сол жердегі пост-терминал арқылы төлеп жатты.

Сұрағына жауап іздеп келгендердің бірі – Николай Конивец. Ол айыппұл хаттамасын жоғалтып алған.

«2016 жылы жол ережесін бұздым. Айыппұлды содан бері төлеген жоқпын. Арнайы баруды құнттамай жүргенмін. Осы жерден оңай жауап таптым. Қайда баратынымды, не істейтінімді білдім», - дейді Николай.


Ал Қостанай ауданынан арнайы келген Марина Холод учаскелік полиция өкілінің жұмысына шағымданды.

«Ішімдікке тойып алған жүргізуші үйімнің қақпасын бұзып кетті. Учаскелік полиция өкілі оған шара қолданбай, істі екі апта созып жүріп алды. Аудандық ішкі істер бөлімінің жауабы да қанағаттандырмады. Сондықтан, осында келдім», - дейді Марина.

Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нығмет Ысмағұлов бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, істі бақылауда ұстайтынына сендірді.


Фото: автордан

Сізден жаңалық