Жемқорлардан тәркіленген ақшаны балалардың еміне жұмсау ұсынылды

5 Маусым 2019, 17:48
2206
Бөлісу:
Жемқорлардан тәркіленген ақшаны балалардың еміне жұмсау ұсынылды

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Казахстанская правда» газетінде бағдарламалық мақаласын жариялады. Онда ведомство жемқорлықпен күресте қандай шара қолданатыны айтылған.

Ол жемқорлық ісімен сотталғандардан тәркіленген қаражатты әлеуметтік саланы дамытуға жұмсауды ұсынды. 

«Тек соңғы 3 жылда жемқорлықтан болған шығын 40 млрд теңгені құрады. Егер тәркіленген қаражатты ауыр науқасты балалардың еміне, көпбалалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға жұмсайтын болсақ, онда азаматтар жемқорлықпен күресте тікелей пайда көретін еді», - деп атап өтті ол мақаласында. 

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру арқылы бұл саладағы жемқорлық қылмыс деңгейін төмендетуге болады.

«Мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру мәселесі өзекті болып қалуда. Қазір оны 25 мың мекеме жүргізеді, бұл жемқорлыққа қарсы бақылау жүргізу жұмысын қиындатуда. Егер оны орталықтандыратын болсақ, жемқорлықтың алдын алуға болады. Ірі сатып алуларды енді қаржы министрлігінің комитеті мен жергілікті әкімдіктердің уәкілетті бөлімшелері жүргізеді. Дегенмен, ұсақ тендерлерді жүргізуде жемқорлық қатері сақталып отыр. Бұл жағдайдан шығу үшін бюджеттік ұйымдар мен әлеуметтік саладағы мекеме басшыларын өздеріне тән емес қызметтен толықтай бостау қажет. Дәрігерлер емдеу керек, ал мұғалімдер оқытуы керек», - деді Шпекбаев.

Өзгелердің жаңалығы