Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Оған Ұлттық спортқа тер төгіп жүрген азаматтар, облыстар мен қалалардағы ұлтық спорт мектептерінің жетекшілері, ұлттық спорт басқармаларының басшылары қатысты.
Жиын барысында 4 түрлі мәселе қаралды. Әуелгісі 2019 жылдың күнтізбелік жоспарына енген шараларға дайындық талқыланды. Осыған орай арнайы баяндама жасаған Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай осы жылы өтетін ең ірі ұлттық спорт шараларына тоқталды.
Оның айтуына қарағанда, биыл наурыз айында Өзбекстанның Самарқанд қаласында халықаралық көкпар сайысы өтеді. Бұған еліміздің жастар құрамасы қатысады деген жоспар бар.
Мұнан бөлек сәуір айының соңына қарай «Жастар жылы» аясында Алматыда жастар арасында 8 елдің спортшылары қатысқан Азия чемпионаты өтеді. Аударыспақ, теңге ілу, көкпар, жамбы ату қатарлы ұлттық спорттың төрт түрінен өтетін сайысқа еліміздің жастар құрамасы қатысатын болады.
Бұл сайыстың ізі суымай жатып, мамырда Алматыда ересектер арасында ел чемпионат өтеді.
«Ұлттық спорт қауымдастығы негізгі басым бағытты жоғарыда аталған төрт спорт түріне беріп отырғандықтан, алдағы уақытта да аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, көкпар спорты бойынша жұмыстар жүргізіле беретін болады» - дейді Рахат Жақсыбай.
Оның айтуына қарағанда, биылғы жылдың басты оқиғасы – Өзбекстанда өтетін көпардан ІІ Әлем чемпионаты. Осы чемпионатта қазақ-қырғыз көкпаршылар арасында, сырт алаңда тартысты бәсеке өтеді деген болжам бар.
2019 жылдың қазан-қараша айларының бірінде өтетін додаға әлемнің оннан астам елі қатысуға ниетті.